Дәрігерлер алматылық әйелдің жатырынан 10 келіден асатын ісікті алып тастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы орталық клиникалық аурухана дәрігерлері өте ауыр жағдайда түскен 56 жастағы науқасқа ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен 56 жастағы науқасқа жатыр миомасы диагнозы қойылды.

Жатыр ісігі жүктіліктің 40-аптасына сәйкес келді. Ісіктің көлемі ұлғайғаны соншалықты, науқастың тыныс алуы қиындаған. Ісіктің салмағы 10 келіден жоғары. Сонымен қатар, әйел тахикардия, қант диабеті, қан қысымының төмендігі және басқа да созылмалы аурулардан зардап шегіп келген.

ОҚКА директорының орынбасары, қауымдастық профессоры Жасұлан Баймаханов, онко-гинеколог Алиса Байназарова, клиника эндокринологы Салтанат Шайдарова және анастезиолог-реаниматологтар бригадасы дәрігерлері ақылдаса келіп, ота жасау туралы шешім қабылдады.

«Аурудың клиникалық көрінісін, атап айтқанда, жақын тұрған органдардың қызметінің бұзылуын ескере отырып, өмірлік көрсеткіштер бойынша жатырды экстерпациялау отасы жасалды. Бұл ота жатыр мойынын алып тастау үшін жасалды. Операция екі сағатқа созылды және сәтті өтті. Қазір науқас өзін жақсы сезінеді, жағдайы тұрақты. Жақын арада аруханадан үйіне шығарамыз», - дейді гинеколог дәрігер Алиса Байназарова.

Науқас қазір орталық қалалық клиникалық аурухананың гинекология бөлімінде ем қабылдап жатыр.

«20 жыл бұрын ісік пайда болды, басында кішкентай болды, кейін бұл түйіршік өсе бастады. Мен жүрегімді тексертуге барсам, олар маған жатырды тексеру керектігін айтқан болатын. Бірақ ол кезде мен мән бермедім. 2021 жылы мен коронавирус инфекциясымен ауруханаға түстім. Дәрігерлер мені ультрадыбыстық зерттеуге түсіріп, толық тексерістен өткізгенен кейін мамандарға қаралуға кеңес берді. Бірақ мен тағы мән бермедім. Ал, ішімнің өсіп жатқанын салмақ қосып, толып барамын деп ойладым. Кейін қан кетті. Тек сол кезде ғана мен дәрігердің көмегіне жүгіндім. Маған МРТ жасаған соң өте үлкен көлемдегі миома бар екенін және оны шұғыл түрде отамен алып тастау керек екенін айтты», - дейді әйел.

Гинеколог Алиса Байназарованың сөзінше, қазіргі уақытта жатыр ісігі кең тараған дертке айналған. Дәрігер әйел адамдар ауыр дертке шалдықпас үшін гинеколог мамандарына жиі көрініп тұруы керек.