Дәрігерлер «барахолка» маңында жүк көлігі қағып кеткен жасөспірімнің жағдайын айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дәрігерлер Алматыда жүк көлігі қағып кеткен жасөспірім қыздың жағдайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 15 жастағы қыз Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жедел түрде жеткізілді. Қабылдау бөлімінде клиникалық-зертханалық зерттеулер мен мамандардың консультациясы жүргізілді.

«Дәрігерлер оған жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, жұмсақ тіндердің жарақаты, сол жақ самай-желке аймағының тері асты гематомасы және аяқ-қол жарақаттары диагнозын қойды», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.

Науқас орталықтың нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бала-шағасымен жолдан жүгіріп өтпек болған отбасының бір мүшесі апатқа ұшыраған еді.