Айта кетсек, Біржан Досмайылов мұның алдында батуттан құлаған балалардың екеуі бүгін жансақтау бөлімінен шығарылғанын хабарлаған болатын.
Қазіргі уақытта бір қыз бала әлі де аталмыш бөлімде жатыр.
«Балаларға қолдан келгенше жәрдем беріп жатырмыз. Жансақтау бөлімінде жатқан қыз бала бас-ми жарақатын алғандықтан - бақылауда. Қазір ол бала сөйлесіп, адамды танып жатыр», - деді Біржан Досмайылов №2 қалалық балалар ауруханасында өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, баспасөз мәслихаты барысында бас дәрігер шетелдік мамандармен де кеңес жүріп жатқанын айтты.
«Иә, шетелдік мамандармен дәл нейрожарақаттар турасында кеңес жүргізілді. Қазіргі күнге дейін олармен онлайн режімде кеңес жүргізіліп жатыр. Балалар ауруханадан шыққанға дейін бәрібір бақылауда болады. Бұл тіпті талқыланбайды. Ол жалпыға ортақ практика», - дейді ол.
Еске сала кетсек, 4 мамырда елордада «Жаннұр» сауда үйі аумағындағы батутты қатты жел ұшырып, 5 бала зардап шеккен болатын. Батут күрделі конструкциялы болған, жалпы ауданы 200-250 шаршы метр.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті ата-аналарды өз балаларының тағдырына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Себебі ата-аналар ауа райының қолайсыздығын көре тұра оларды батутқа ойнауға жіберген.
Одан кейін белгілі болғандай «Жаннұрдағы» жағдайдан соң еліміздегі барлық аттракциондар тексеріледі.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев зардап шеккен балалардың хал-жағдайын білу мақсатында қалалық №2 балалар ауруханасына барып, кінәлілердің жазаға тартылатындығын айтқан болатын.