Дәрігерлер батуттан құлаған баланың бірі комаға түсті деген ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмайылов елордада жел ұшырған батуттан зардап шеккен қыз баланың комаға түскені туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жай ғана сыбыс. Десе де, үш бала ауыр жағдайда болған еді. Сондықтан, олар жансақтау бөлімінде жатты. Жансақтау бөлімінде әлі де бір қыз бала жатыр», - деді Біржан Досмайылов бүгінгі баспасөз мәслихатында.

Ол өз сөзінде балалардың барлығында көптеген жарақаттар (полижарақат) болғанын айтып өтті.

«Қандай бір болжам жасау - орынсыз болар еді. Балалардың қамын бәріміз ойлап отырғандықтан, ештеңе деп болжам жасағым келмейді. Әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен біз барынша қолдан келгенді жасап жатырмыз», - деді бас дәрігер.

Сонымен бірге, баспасөз мәслихаты барысында бас дәрігер шетелдік мамандармен де кеңес жүріп жатқанын айтты.

«Иә, шетелдік мамандармен дәл нейрожарақттар турасында кеңес жүргізілді. Қазіргі күнге дейін олармен онлайн-режімде кеңес жүргізіліп жатыр. Балалар ауруханадан шыққанға дейін бәрібір бақылауда болады. Бұл тіпті талқыланбайды. Ол жалпыға ортақ практика», - дейді ол.

Еске сала кетсек, 4 мамырда елордада «Жаннұр» сауда үйі аумағындағы батутты қатты жел ұшырып, 5 бала зардап шеккен болатын.

Батут күрделі конструкциялы болған, жалпы ауданы 200-250 шаршы метр. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті ата-аналарға өз балаларының тағдырына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Себебі ата-аналар ауа райының қолайсыздығын көре тұра оларды батутқа ойнауға жіберген.

Одан кейін белгілі болғандай «Жаннұрдағы» жағдайдан соң еліміздегі барлық аттракциондар тексерілгелі жатыр.

Ал Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев зардап шеккен балалардың хал-жағдайын білу мақсатында қалалық №2 балалар ауруханасына барып, кінәлілердің жазаға тартылатындығын айтқан болатын.