Дәрігерлер Брукке Головкинмен жұдырықтасуы кезінде соқыр боп қалуы мүмкін екенін айтқан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлер британдық боксшы Келл Бруктың қазақстандық Геннадий Головкинмен жекпе-жегін жалғастырған жағдайда денсаулығына елеулі зақым келуі мүмкін еді деп есептейді. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.

«Келл - нағыз боксшы, бірақ оның бапкері ойынды тоқтатып, дұрыс шешім қабылдады. Әйтпесе, ол қарсыласынан үсті-үстіне соққы алып, бір көзінен айырылар еді», - деген пікір білдірді дәрігерлер.

Жекпе-жектен кейін Келл Брук дереу емханаға аттанды. Онда боксшының көзіне зақым келгендігі анықталды және оған ота жасау қажеттігі белгілі болды. Ота жұма күніне жоспарланған. Бруктің көзі одан кейін толық қалпына келуі үшін қанша уақыт қажет болатындығы әлі хабарланған жоқ.