Дәрігерлер ер адамның өкпесінен шыршаның бұтағын алып шықты

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Башқұртстандағы Куватов атындағы республикалық клиникалық аурухананың хирургтары ер адамның өкпесінен шыршаның жасыл бұтағын алып шықты, деп хабарлады Газета.Ru аурухана дәрігері Тимур Насыровқа сілтеме жасап.

Науқас ауруханаға «өкпенің оң жақ төменгі бөлігіндегі іріңді ісігі» диагнозымен түскен. Рентгенге түсіріп болғаннан кейін ота жасалды. "Хирург Владимир Каменовтың бастауымен ота жасаған бір топ дәрігерлер азаматтың өкпесінен ұзындығы 5 сантиметр болатын шырша бұтағын алып шыққандарына таңданды», - деді дәрігер Насыров.

Бұл келеңсіз жағдайдың қалай орын алғанын ақ халаттылар түсіндіре алмай отыр. Науқастың сөзіне қарағанда, ол шыршадан жасалған сыпырғыштың көмегімен моншада буға қыздырынуды ұнатады екен. Бұтақ өкпеге мұрын арқылы енуі мүмкін деген болжам бар. Бүгінде ер адам ауруханадан шығуға әзір.