Дәрігерлер газдан уланған «Алматы су» қызметкерлерін қалай құтқарғанын айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда дәрігерлер кәріз құдығында уланған «Алматы су» кәсіпорнының қызметкерлерін қалай аман алып қалғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Уланған жігіттер сол күні №7 қалалық клиникалық ауруханаға шұғыл жеткізілген болатын.

Пациенттерді реаниматолог, травматолог, нейрохирург мамандардан тұратын мультидисциплинарлы команда қарап шықты.

«Екеуі де күкірт сутекті газынан уланған. Орталық жүйке жүйесі зақымданған. Уытты энцефалопатия диагнозы қойылды. Екеуі де комада жасанды тыныс алу аппаратына қосылған еді. Жағдайларының ауырлығына байланысты пациенттер анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Терең комада жатқан жігіттер үшін тек қана үміт ету ғана қалды. Дәрігерлер үнсіз ғана өлім мен өмір арасындағы күреске кірісті. Сауал жіберген БАҚ өкілдеріне де жауап беру қиын болды», - дейді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен.

Ертеңінде де олардың жағдайы ауыр болды. Әлі де жасанды тыныс алу аппаратында жатты.

Үшінші тәулік дегенде пациенттер комадан шықты. Есін жинап, ас ішіп, өздігінен сөйлей бастады.

Жағдайлары тұрақталған соң профильді бөлімшеге ауыстырылды.

Қазір олардың денсаулығын қалпына келтіруге неврология бөлімінің мамандары атсалысып жатыр.

8 маусымда 25 жастағы Нұржан ауруханадан шықты.

«Пациенттер жазылып шыққанда медициналық қызметкерлер үшін одан артық бақыт жоқ» дейді ақ халатты абзал жандар.

Нұржан медицина қызметкерлеріне, өзінің құтқарушысы, Наурызбай аудандық ХҚКО қызметкері Ержан Әбдіразақовқа алғысын жаудырды .

Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда ХҚО қызметікерінің кәріз құдығына түсіп, уланып қалған екі азаматты құтқарғанын жазған болатынбыз. Кәсіпорын осы оқиғаға байланысты түсінік берді.

«1 маусымда «Алматы су» кәсіпорнының қызметкерлері коммерциялық ұйымдардың су есептегіш құралын тексермек болған. Қызметкерлер қателесіп судың емес, кәріз жүйесінің қақпағын ашып қараған. Соның кесірінен газ буынан уланған. Қазір кәсіпорында қызметтік тексеру жүріп жатыр. Негізінде «Алматы су» қызметкерлері есептеу құралдарының көрсеткішін тіркеумен ғана айналысуы тиіс. Құдыққа түсу олардың міндетіне кірмейді», - деп мәлім етті «Алматы су» МКК.