«Дәрігерлер сауатты жазуды қашан үйренеді?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Тағы жеті партия партиялық тізімін тапсырды» атты мақала жариялады. Басылымның жазуынша, Орталық сайлау комиссиясының ақпараттары бойынша, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін тіркеуден өту үшін Орталық сайлау комиссиясына 3 желтоқсанда Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы, ал кеше Қазақстан Патриоттар партиясы, Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы, «Әділет» демократиялық партиясы, «Руханият» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясы партиялық тізімдерін тапсырды.
Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында «Жазылған жайдың жаңғырығы» деген айдармен бірқатар азаматтардың пікірлерін жариялаған. Солардың бірі Жамыл облысы Байзақ ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің «Тарихи күн тасада қалмауы керек» атты мақаласы. Аудан әкімі онда «1991 жылдың 1 желтоқсаны әрқашанда біздің тарихымыздың Бірінші Күні, Ұлы Күні болып қала береді, барлық уақыттарда да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланыста болады. Қазақстан азаматтарының 1 желтоқсанды жалпыұлттық мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні деп жариялау туралы көптеген өтініштері оған нақты айғақ болып табылады. Ізгі ниетті отандастарымның жүректен шыққан осынау әділ тілектеріне бүкіл жан-тәніммен қосыламын және бұл Күннің біздің халқымыздың бүгінгі және болашақтағы ең сүйікті мерекелерінің біріне айналарына берік сенемін», деген жолдарды оқыған қазақстандықтардың: «Дұрыс. Тәуелсіз еліміздің тарихына осылай қарауымыз керек», деген ойымен бөліседі.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Ғылым мен инновация қатар жүруі тиіс» атты мақала жариялады. Мақалаға кеше ғана елімізде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұымдастырылған Инновациялық форумда көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, Қазақстанда Елбасының тікелей тапсырмасымен кәсіпкерлерді қолдайтын, рейдерлікке қарсы заңнама түзілуде. «Оның үстіне ғылым мен иннновацияны Президенттің өзі жеке қамқорлығына алған деуге болады. Сондықтан болса керек, мемлекеттің меншігіндегі компаниялар жасампаз ғалымдар мен өнертапқыш инноваторларды демеуге міндеттелуде», - деп жазады басылым. Аталмыш жиында көтерілген мәселелер жөнінде «Айқынның» бүгінгі санынан кеңірек білуге болады.
Сондай-ақ аталмыш басылымбүгінгі санында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен болған сұхбатты жариялады. Аталмыш сұхбатта ОСК төрағасы «Ел Парламенті бірпартиялық жүйеден көппартиялы жүйеге көшеді. Бұл партиялар арасындағы бәсекелестіктің артуы және ол көптеген мемлекеттердің басып өткен баспалдағы. Бұл елдің дамуы кезеңіндегі келесі бір белес. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында Қазақстан Республикасының осындай қадамға баруы - демократиялық дамуының көрінісі», - деген ойларымен бөліседі. Сұхбат «Дауыс беру- әр адамның азаматтық парызы» атты тақырыппен басылды.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Өскелең ұрпаққа тәрбиесі берік ұйымдар қажет» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, балалар мен жасөспірімдердің патриоттық сезімін қалыптастыруда ата-ана тәрбиесімен қатар оқу орындарында оқушыларды бір мақсатқа жұмылдыру идеясын жүргізу аса қажет. «Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында ақсап қалғанның бірі осы сала. 90-шы жылдардан бері жастардың бойына патриоттық рухты қалыптастыруды, қала берді, ұлттық идеологияны телеарналар жүргізіп келді. Мемлекеттік телеарналар ұлттық тұтастықты насихаттағаны үшін сын мен міннен көз ашпай келеді. Бірақ мемлекетшілдікті жарнамалау қажет. Себебі басқа балама жоқ», - деп жазады басылым.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында жақсы бір мәселе көтеріпті. Басылымның жазуынша, қоғам дәрігерлердің түсініксіз жазуынан құтыла алмай келеді. Олардың жазып берген диагнозы таңбалы тастағыдай тым түсініксіз. Елдегі ауруханалар мен емханалар түгелдей компьютерлендірілмеген. Дәрігерлер ауру тарихын қолмен жазады. Ал жазғандары түсініксіз. Нәтижесінде олардың жазуларын тіпті дәріханашы әріптестері де түсінбей жатады. Бұл мәселенің жай-жапсарын «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Дәрігерлер сауатты жазуды қашан үйренеді?» атта мақаладан білесіздер.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Бүгін Литва астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 18-ші мәжілісі басталды. 56 елдің өкілдері осы кездесу барысында Литваның халықаралық ұйымға төрағалығы барысында Астанада өткен тарихи Саммитте қабылданған шешімдер негізіндегі атқарған істерін талдап, оған баға береді. Бұл шараға қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастап барады. Аталмыш жиынға байланысты мәселелер жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Дух Астаны» над Балтией» атты мақалада таратылып жазылған.