«Дәрігерлер сеніміне селкеу түскені қалай?»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 6 қыркүйек . ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 қыркүйек,бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Назарбаев Университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәріс оқыды. Елбасының халықаралық университет қабырғасында оқыған интерактивті дәрісі жалпы отандық білім беру саласында тұрақты дәстүрге айналып келе жатқан игілікті үрдістің бірі деуге болады. Еліміздегі білім беру ошақтарының заманауи ақпараттық технологиялармен жабдықталуы нәтижесінде жүзеге асқан Елбасы оқуын бұл күні республикамыздағы жоғары және орта білім жүйесіндегі барша шәкірттер тыңдауға мүмкіндік алды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Білімді жас - ел ертеңі» деген тақырыппен жарияланды. Сондай-ақ басылымда Елбасының дәрісі толық берілген.

 

Еліміздің құқық қорғау жүйесінде жаппай жаңғырту қолға алынып жатыр. Оған қоса сыбайлас жемқорларды анықтау ісі де жаңаша пысықталуда. Әсіресе, қолынан іс келмейтін, яғни міндетіне лайықты емес қызметкерлерді құқық қорғау органдарынан аластату барысы көпшілікті қуантуда. Міне, осы және өзге де мәселелерге байланысты «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің сауалына Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков жауап қайтарған. «Жалпы, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде полиция қызметкерлері 115 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жаса­ған. Ішкі істер министрлігі ең ірі құқық қорғау ведомствосы болып табылады. Мұн­да 70 мыңнан астам қызметкердің бар екенін ескерсек, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын қызметкерлердің жалпы санына шаққанда, мың қызметкерге 2 сыбайлас жемқорлық келеді екен. Бұл басқа мемлекеттік органдармен салыстырғанда анағұрлым аз», - деді ол «Тазару» деген тақырыппен берілген сұхбатында.

***

«Жауырды жаба тоқып, несіне күлбілтелейік. Бұдан бұрынғы беделінде шаруамыз жоқ. Бірақ бүгінгі дәрігерлердің қадірі құлдырап барады. Бүтіндей бір мамандық иелеріне топырақ шашудан аулақпыз. Құдай сақтасын. Алайда күнделікті өмірде кездесетін дәрігерлерге қатысты кереғар жағдайлар жанымызға батқан соң бұлай демеске шарамыз қалмады», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, бүгінде медицина саласы озық технологиялармен, үздік, таңдаулы аппараттармен жабдықталуда. Ал білікті, білімді мамандар кеміді. Олар науқасты жүре қарап, жүре қарайды. Мақала «Дәрігерлер сеніміне селкеу түскені қалай?» деген тақырыппен берілген.

 

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Қазақстан рентгенорадиологтары қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы Жанғали Хамзабаевпен арадағы сұхбат жарияланды. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Әрине, диагноз қоярда адамның рентгеннен мейлінше аз өткені жөн. Бірақ ауру-сырқаттың нақты диагнозы бәрінен де қымбат қой. Сондықтан рентгеннің көмегімен қандай да бір дертті қараған кезде, біз радиация мөлшерінің аурудан келетін қауіп-қатерді толығымен ақтауы тиіс екендігін түсінуіміз қажет. Бір рет қара, он рет қара, бірақ нақты диагноз қой?», - дейді.

***

«Мемлекеттік органдарға жарияланатын байқауға енді қоғам өкілдері қатыса бастады», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Мемлекеттік лауазым: Үміткерлер жаңа тәсілмен іріктелуде» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бос  лауазымдарға үміткерлерді жаңа тәсілмен іріктеуге кіріскен. Тәуелсіз сарапшылар бұл жемқорлықты азайтып, мемлекеттік қызметке лайықты азаматтардың келуіне септігін тигізеді деп сенеді. Оған қоса, олар бұл тәжірибені басқа мемлекеттік органдарға да енгізу керек деп есептейді.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан Республикасы Пре­мьер-Ми­нистрі­нің бірінші орынбасары Серік Ахме­тов­ті қабыл­дады. С.Ахметов Қазақстан Президентіне ағымдағы әлеу­мет­тік-эко­но­ми­ка­лық көрсеткіштер, Үде­­мелі индус­триялық-инновация­лық даму бағдарламасын іске асы­ру барысы және алдағы жы­лыту кезеңіне дайындық жөнін­дегі іс-шаралар туралы баян­дады. Нұрсұлтан Назарбаев кез­десудің қорытындысы бой­ынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.