Дәрігерлерге коронавирусқа күдікті анықталған жағдайда қандай шаралар қолдану қажеттігі түсіндірілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының медицина саласының қызметкерлеріне С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ғалымдары короновирус тақырыбында оқу семинарын өткізді. Басқосуға 200-ге жуық дәрігер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәріске өңірдің емдеу мекемелерінің басшылары, жедел жәрдем қызметінің мамандары, жұқпалы аурулар және өкпе ауруларын емдейтін аурухана өкілдері қатысты. Қазіргі таңда короновирусқа күдікті науқас анықталған жағдайда іс әрекеттер алгоритмі белгіленген. Оқытушылар осы вирустың түрленіп жатқанын атап өтіп, нақты қандай шаралар қолдану қажеттігін түсіндірді. Әзірге вирусқа қарсы вакциналар мен дәрі-дәрмек табылған жоқ. Сондықтан тұмауға қарсы белгілер бойынша симптоматикалық ем қолдану туралы кеңес беріліп отыр. Сондай-ақ ең маңызды мәселе індетті жұқтырып алмау және таралуына жол бермеу бойынша нұсқаулар айтылды.