Дәріханадан рецепті бойынша морфин алып, оны өзгелерге сатып келген жамбылдық әйел ұсталды

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Дәріханадан морфин алып, оны басқаларға сатып жүрген жамбылдық әйел ұсталды.

Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ  Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Оның айтуынша, ақпан айының басында Жамбыл облысының полициясына сату мақсатында героинді заңсыз сақтау фактісі туралы жедел ақпарат келіп түскен. Жедел іс-шаралар барысында есірткі қылмыстары үшін бұрын бірнеше рет сотталған 34 және 27 жастағы екі жергілікті тұрғын ұсталды. Сонымен бірге күдіктілердің есірткі заты - морфинді жақсы таныс емес әйелден алып сататындықтары анықталған.

«Одан әрі іс-шараларды өткізу кезінде морфинді сатып жүрген 50 жастағы әйел адам анықталып, одан 1 миллилитр морфин мен іші бос 10 ампула табылды. Әйел морфинді шприцтерге құйып сатқан. Ал бос қалған ампулаларды дәріханаға тапсырып отырған.  Ұсталғанның айтуынша, ол есірткіні онколог дәрігер берген рецепт бойынша сатып алып, сыбайластарына таратып отырған. Алдын ала деректер бойынша, дәрігер бұрын дәрілерді ішуден бас тартқан, ісік ауруымен ауратын әйел адамға, сенімхатсыз рецепт жазып отырған», - деді ол.

Барлық күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды. Онколог дәрігерге қатысты есірткі заттарын сақтау, есепке алу және беру тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық іс қозғау туралы мәселесі шешілуде. Қазіргі уақытта есірткі заттарын беру тәртібін бұзғаны үшін дәріхана жұмыскерлерін жауапкершілікке тарту бойынша жедел-тергеу іс-шаралары өткізілуде.