Дәріханаға заңсыз тергеу жүргізген әкімдік қызметкеріне айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда дәріханаға заңсыз тергеу жүргізген әкімдік қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, 7 сәуірде Алмалы аудандық әкімдігінің қызметкерлері Абай даңғылындағы ШОБ субьектісіне заңсыз тексеру жүргізген. Бұл туралы кәсіпкер прокуратураның сенім телефонына хабарлаған.

Аталған деректі тексеруге шыққан прокуратура өкілдері түскен ақпараттың шынайылығына көз жеткізді.

Алмалы аудандық әкімдігінің қызметкерлерінде тексеруге рұқсат беретін арнайы акт болмаған.

Нәтижесінде Алматы әкімшілік істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен аудандық әкімдіктің экология және қоршаған орта бөлімінің бас кеңесшісі ҚР ӘқК 175-бабының 1-тармағы бойынша айыпты деп танылды.

Оған 20 АЕК, яғни 42 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.