Дәрілік заттар мен медициналық жабдықтардың 800 атауы бойынша отандық өндірушілермен 18 шарт бекітілді

АСТАНА. КАЗИНФОРМ - Бүгін Астанада ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу республикалық үшжақты комиссиясының отырысы өтті.

Отырыстағы басты тақырып ретінде салалар мен өңірлерде еңбек қатынасы, еңбек құқығын қамтамасыз ету меморандумын жүзеге асыру, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар жиынға қатысушылар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін және мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық қамтуды арттыру тақырыбын да талқыланды.

«Егер де біздің министрлік бойынша тоқталсақ, денсаулықты қорғау кодексінде халықаралық стандарттарға сәйкес болса, отандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді шартты қарастырдық. Ағымдағы жылы 20 келісімшартқа қол қойдық. Оның ішінде 18 шарт дәрілік заттар мен медициналық жабдықтардың 800 атауы бойынша отандық тауар өндірушілерге тиесілі», - деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.