— Биыл сыйлыққа 504 өтінім түсті. Алдын ала тексеру қорытындысында оның 429-ы конкурстық комиссияның қарауына жіберілді. Іріктеу 10 аталым бойынша жүргізіледі. Ең көп өтінім «Ғылым» — 119 және «Қоғамдық қызмет» — 75 аталымдары бойынша қабылданды. «Театр және кино» аталымына — 58, «Халық шығармашылығы» — 43, «Классикалық музыка» — 30, «Әдебиет» — 23, «Эстрада» және «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымдарының әрқайсысына 22, «Спорт» — 20, «Журналистика» аталымына 17 өтінім түсті, — делінген хабарламада.
Комиссия құрамында Құрылтай депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері, кәсіпкерлер және Президенттік жастар кадр резервінің өкілдері бар.
Іріктеу екі кезеңнен тұрды. 27-29 қазан аралығында тиісті бағыттар бойынша алты секциялық отырыс өтті. Жиын қорытындысы негізінде комиссияның қорытынды отырысына ұсыныстар әзірленді.
Комиссия жұмысының нәтижесінде он номинацияның әрқайсысы бойынша екі адамнан барлығы 20 үміткер анықталды.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев комиссия мүшелеріне атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Министр үміткерлерді әділ әрі жан-жақты бағалаудың, еліміздегі талантты, бастамашыл жастарды қолдаудың маңызын атап өтті.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі 26 қарашада өтеді.
Осыдан бұрын Дастан Сәтпаев «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алғанын жазғанбыз.