«Дарын» сыйлық қана емес: жас таланттарды қолдау жүйесі қалай өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — 30 жылдан астам уақыт ішінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы Қазақстанның дарынды жастарына берілетін ең беделді марапаттың біріне айналды. Осы сыйлықтың талаптарын жетілдіру арқылы мемлекет жас ғалымдарды, өнерпаздарды, спортшыларды және қоғам қайраткерлерін қолдау тәсілдерін де дамытты. Kazinform тілшісі бүгінгі материалда осы эволюцияға шолу жасайды.

Коллаж: Kazinform

«Дарын» — жастарды қолдау құралы

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Дарын» сыйлығы 1992 жылы Үкімет қаулысымен тағайындалған. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктері өте шектеулі болғанына қарамастан дарынды жастарды қолдап, ғылымның, мәдениет пен спорттың дамуына серпін беру қажет болды.

— Сол кезеңде мемлекет бір мезгілде бірнеше міндетті шешті. Бір жағынан, дарынды жастарды қолдау қажет болса, екінші жағынан, ғылымның, мәдениет пен спорттың дамуына ынталандыру тетіктерін қалыптастыру, сондай-ақ жас мамандардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін мойындау маңызды болды, — деп атап өтті ведомствода.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жабық іріктеудің орнына сарапшылардың саралауы

Тоқсаныншы жылдары сыйлықтың тағдыры тек жоғары деңгейде шешілетін. Мәдениет министрлігінің түсіндіруінше, 1992-1996 жылдары байқауды толықтай Үкімет бақылаған. Министрлер Кабинеті жанындағы арнайы комитет өтінімдерді өзі қабылдап, лауреаттарды өзі таңдаған. Сыйлық екі жылда бір рет қана берілді, лауреаттар саны аз болды, ал іріктеу жабық түрде өтті.

— Мұндай модель сол кезеңдегі басқару қағидатына сай келді. Ол кезде негізгі шешімдердің бәрі орталық мемлекеттік органдарда шоғырланған еді, — деп түсіндірді министрліктегілер.

Бетбұрыс кезеңі 2010 жылдары басталды. Нақты айтсақ, сыйлық толыққанды конкурстық негізге көшті.

— Бүгінде «Дарын» сыйлығының рәсімі әлдеқайда ашық әрі айқын. Міндеттер нақты бөлінген. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жастар және отбасы істері комитеті тек ұйымдастыруға жауап береді. Ал жеңімпаздарды тәуелсіз комиссия анықтайды, — делінген ведомство мәліметінде.

Комиссия құрамына ғылым, өнер, спорт, журналистика және қоғамдық сала өкілдері тартылады. Мұндай жан-жақты тәсіл әрбір өтінімді кешенді бағалауға мүмкіндік береді. Бұрын лауреаттар әкімшілік тәртіппен анықталса, қазір марапат иелерін кәсіби мамандардан құралған үлкен комиссия таңдайды.

Қатысушылардың жас шегі қалай өзгерді?

Бастапқыда «Дарын» сыйлығына 35 жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алатын. Бұл талап 20 жылдан астам уақыт бойы сақталды. Алайда 2015 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға енгізілген өзгерістерге байланысты жас шегі 29 жасқа дейін төмендетілді. Кейін 2023 жылы жас мөлшері қайтадан 35-ке дейін кеңейтілді.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, бұл өзгерістер заңнаманың жаңартылуымен тікелей байланысты еді.

Инфографика: Kazinform

Іріктеу жүйесі қалай жетілді?

Жас шегімен қатар лауреаттарды іріктеу жүйесі де түрленіп отырды. Алғашында үміткердің еңбегін жұрт жаппай мойындауы басты өлшем болса, бүгінде нақты нәтижелердің дәлелденуі негізгі талапқа айналды.

Қазір үміткерлерді қарау кезінде мынадай жетістіктер ескеріледі:

• халықаралық және республикалық байқаулардағы жеңістері;

• кәсіби және шығармашылық қызметіндегі нәтижелері;

• жоғары спорттық көрсеткіштері;

• маңызды қоғамдық және инновациялық жобаларға қатысуы.

Осы өзгерістер аясында сыйлықтың бағыттары 10 салаға дейін кеңейді. Олардың қатарында ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, театр және кино, классикалық музыка, эстрада, дизайн, халық шығармашылығы және қоғамдық қызмет бар.

Инфографика: Kazinform

Алғашқы сатыда өтінімдер салалық секцияларға бөлінеді. Бұл әр бағыт бойынша жетістіктерді дәлірек бағалауға мүмкіндік береді. Кейін материалдар комиссияның қорытынды қарауына ұсынылады. Сыйлық беру туралы шешім осыдан кейін қабылданады. Шешім қабылдау мына кезеңдерден тұрады:

— ашық дауыс беру;

— отырыстарды тіркеу;

— хаттама толтыру;

— пікірлер тең түскен жағдайда комиссия төрағасының шешуші дауысы.

«Дарын» сыйлығының деңгейін көтергендер

«Дарын» сыйлығы тағайындалған уақыттан бері 380-нен астам адам лауреат атанған. Олардың қатарында әлемдік деңгейдегі спорт жұлдыздары Данияр Елеусінов, Ризабек Айтмұхан және Дастан Сәтбаев, Димаш Құдайберген, Еңлік Курарбек, Рухия Байдүкенова және Болат Садриддин сияқты өнер майталмандары бар.

Ал классикалық музыкада Бағжан Есіркеп пен Назым Сағынтай, халық шығармашылығы саласында Асқар Мұқият пен Інкәр Айдарханқызы, белгілі актерлер Аян Өтепберген мен Елдос Шайкенов те «дарын» сыйлығының деңгейін үздіксіз жетістіктерімен көтеріп жүр.

Ғылым саласында Федор Мальчик, Ерасыл Ерланұлы, Нұрлан Қанат және Әсем Әшімова сияқты лауреаттар табысты еңбек етіп жүр.

Сыйлықтың ең жас иегері — опера әншісі Мария Мудряк.

Инфографика: Kazinform

Сыйлықтың мөлшері қалай өзгерді?

Уақыт өте келе сыйлықтың сомасы да өзгерді. Алғашқы жылдары сыйлықтың көлемі бюджет мүмкіндігіне қарай құбылып отырды. Кейін жүйе нақты нормативтік сипат алып, заңмен реттеле бастады. Одан әрі сыйлық мөлшері бекітіліп қана қоймай, кезең-кезеңімен ұлғайтылды.

Әр кезеңдегі сыйлық мөлшері:

• 2014–2017 жылдары — 200 000 теңге;

• 2018–2023 жылдары — 600 000 теңге;

• 2024–2026 жылдары — 1 000 000 теңге.

Инфографика: Kazinform

Дегенмен сыйлықтың басты құндылығы қаражат сомасынан мемлекеттік деңгейде танымалдық жағына ойысып келеді. Өйткені осы күнге лауреаттардың елеусіз қалып, өз саласынан алшақтап кеткені некен-саяқ.

«Дарын» сыйлығын цифрландыру

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, «Дарын» сыйлығына өтінім қабылдау және оны қарау үдерістері цифрландырылмақ. Сондай-ақ жекелеген рәсімдерді мемлекеттік қызмет форматына кезең-кезеңімен көшіру көзделіп отыр. Осылайша сыйлық барған сайын стандартталған әрі ашық жүйеге айнала түспек. Яғни бүкіл процесс цифрлық басқару моделіне көшіріліп жатыр. Өзгермейтін тек миссиясы ғана — жастардың жетістігін мемлекеттік деңгейде мойындау.

Бұған дейін «Дарын» сыйлығына кімдер үміткер бола алатынын жазған едік.