Дарынды жастардың шетел асуын азайту үшін не істелді

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық университеттердің филиалдарын Қазақстанда ашу жұмысына қатысы түсінік берді.

- Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық, ең алдымен, жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының стратегиялық көрсеткіштерін және халықаралық академиялық рейтингтерді жүзеге асыруға бағытталады. Шетелдік студенттердің үлесін арттыру, дарынды жастардың шетел асуын азайту, инновациялық білім беру мен ғылыми жобалардың үлесін арттыру мақсатында Министрлік бірқатар кешенді шараларды қабылдап жатыр. Мәселен, Орталық Азияның жоғары білім беру кеңістігін құру және әлемдік деңгейдегі жетекші университеттердің филиалдарын ашу ескерілген. Сондықтан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемнің барлық негізгі аймақтарын және академиялық артықшылық орталықтарын қамтитын білім беру хабын құру бойынша маңызды жұмысты атқарып отыр, - делінген Ғылым министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Қазіргі кезде жоғары білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық 45 үкіметаралық және ведомствоаралық халықаралық келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанның жоғары оқу орындары 82 елдің университеттерімен 6073 халықаралық келісім және шарт негізінде ынтымақтастықты жалғастырып отыр.

- Хабтың негізгі мақсаты - халықаралық білім беру бағдарламаларының санын арттыру, технологиялар мен үздік халықаралық тәжірибелерді трансферттеу жолымен стратегиялық серіктестіктер құру, сондай-ақ дарынды жастардың шетел асуын азайту арқылы әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану. Осы ретте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы берген тапсырмасына сәйкес, шетелдік үздік жоғары оқу орындарын елімізде филиалдарын ашуы бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Қазір 23 шетелдік университетпен стратегиялық серіктестік орнатылып, тағы 10 стратегиялық серіктестікті орнату бойынша жұмыстар жалғасады, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Биыл шілде айында елімізде 19 шетелдік жоғары оқу орындарымен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын жазған едік.

Жақында Ғылым және жоғары білім министрлігі жекеменшік жоғары оқу орындарындағы білім сапасына қатысты кемшіліктер анықталғанын мәлім етті