Дәрінің бағасын өсіргендер есебінен бюджетке 1,3 млрд теңге табыс түскен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрі-дәрмек бағасын өсіргендерге айыппұл салу арқылы бюджетке 1,321 млрд теңге түскен. Бұл туралы Сенат депутаттарының сұрағына жауап бере отырып, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті,деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысында, Астана мен Алматы қалаларында тергеу жүргізіп, қылмыстық және әкімшілік істер қозғадық. Соның нәтижесінде, еліміздің бюджетіне 1  млрд 321 млн теңге айыппұл төленді. Келесі жылы да өңір-өңірде дәрі-дәрмектің бағасын тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргіземіз»,-деді Марат Құсайынов.

Айта кетейік, вице-министр бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік және  тұрғын үй құрылысына мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.