Дариядағы су толықтай қатқанда ғана қауіптің беті сейіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сырдарияға құятын мол судың бастауында тұрған қырғыз еліндегі Тоқтағұл су қоймасында бүгінгі күні 15 млрд. 640 млн. текше метр су қоры бар.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына сілтеме жасап хабарлады.

 Су көлемі былтырғы жылға қарағанда біршама көп. Бұған биылғы жылдың жауын-шашыны да әсер етіп тұр. Былтыр осы мезгілде онда 11 млрд. 180 млн. текше метр су қоры болған. Бұл күндері төмен қарай Шардара су қоймасына секундына 572 текше метрден су босатылуда. Ал Шардара су қоймасындағы судың мөлшері 2 млрд. 688 млн. текше метрді құрайды. Бұл оның әлі де су қабылдау әлеуетінің мол екенін көрсетеді. Одан төмен қарай 800 текше метр су секундына жіберілуде. Оның 400 текше метрін Көксарай су реттегіші қабылдаса, қалғаны дария бойымен ұлы теңізді бетке алып жөңкуде. Бұған Арыс өзенінен  секундына 38 текше метр су қосылуда.  Дариядағы қауіптің әлі де болса болуы оның жылдағыдай ерте қатпауынан туындап отыр. Қазірге күні Қызылорда су торабынан секундына 490 текше метр су өтіп жатыр. Ұлы  теңізге оның 120 текше метрі жетіп жығылуда.Синоптиктер алдағы 17-23 қаңтар аралығында күн суытатынын ескертеді. Сол кезде дария толықтай қатып, қауіп біршама сейілуі ықтимал. Ал әзірге дария бойы күні-түні бақылауда тұр.