"Дарын" мемлекеттiк жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.

"Дарын" Мемлекеттiк жастар сыйлығы Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейiнгi азаматтарына қоғамдық, кәсiби жағынан танылған жемiстi ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметi үшiн, сондай-ақ талантты жастарды ынталандыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында беріледі.

Сыйлық: ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық музыка, қоғамдық қызмет аталымдары бойынша екі жылда бір рет тағайындалады.

Сыйлық беру жөніндегі комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Жазушылар Одағының, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген мәдениет, спорт қайраткерлері мен Олимпиада ойындарының чемпиондары енген.

Отырысты Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Дарын" мемлекеттiк жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ашты. Комиссия мүшелері «Театр және кино, әдебиет, журналистика», «Эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Ғылым және қоғамдық қызмет» секциялары бойынша үміткерлердің құжаттарымен танысты.

Биылғы 2010 жылы Комиссияның қарауына Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Дарын" мемлекеттiк жастар сыйлығына 157 үміткердің құжаттары қабылданды.

Үміткерлердің қатарында «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатынан Н.Сыдықов, эстрада әншісі Е.Құдайбергенов, журналист Р.Кертаев, спорт майталмандары Н.Тыналиев, Е.Шалыгина және т.б. дарынды жастар бар.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Дарын" мемлекеттiк жастар сыйлығы 2010 жылғы 27 желтоқсанда Астана қаласындағы «Шабыт» шығармашылық сарайында салтанатты түрде тапсырылатын болады.