«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының 2012 жылғы иегерлері белгілі болды

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

«Осы сыйлыққа үміткер 500-ден астам адам өздерінің жұмыстарын тапсырды. Соның  ішінде 16-сы осы сыйлықтың иегері атанды. Қазақстан әлем мойындаған ел болды. Енді дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз керек. Сол мақсат-міндеттерді орындау жастардың қолдарында»,-деді ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.

Сонымен, 2012 жылғы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының «Спорт» аталымында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, «Эстрада» аталымында «Қазақстан ұлттық өнер университеті» мемлекеттік мекемесінің студенті Нұрбол Балапанов, «Классикалық музыка» аталымында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисті Жұпар Ғабдиллина, «Халық шығармашылығы» аталымында халықаралық және республикалық айтыскерлер байқауының жеңімпазы Сара Тоқтамысова, «Театр және кино» аталымында Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Адай Әбелдинов пен Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Мұхитдин Шынтаев, «Журналистика» аталымы бойынша «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Нәзира Байырбек және «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ-ның жаңалықтар бөлімінің бас редактор-жүргізушісі Гүлнәз Әлімгерейқызы иегер атанды.

Сонымен қатар, аталған мемлекеттік сыйлықпен «Әдебиет» аталымында Шығыс Қазақстан өнер мұражайының маманы Азамат Тасқараұлы мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы Қалқаман Сарин, «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымында  Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Бейбіт Әсемқұл мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Арнұр Қарымсақов, «Ғылым» аталымы бойынша С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті Айнагүл Қалиева және ғалым, саяси ғылымдардың кандидаты Олжас Қаптағаев, сондай-ақ «Қоғамдық қызмет» атылымында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті Әсет Әбдуәлиев пен Ұлттық волонтерлік желінің қамқорлық кеңесінің мүшесі Алина Хаматдинова марапатталды.

Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы Қазақстанның 35 жасқа дейінгі азаматтарына қоғамдық, кәсіби жағынан танылған жемісті ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметі үшін беріледі.