«Дарын» РҒПО мен «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
18:08, 04 Маусым 2009
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тілдаш Битуова мен «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті Дәурен Дияров ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа қол қою рәсімі бүгін агенттіктің баспасөз орталығында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«ҚазАқпарат» бүгін бізге 70 бірлік ұйымдастыру техникасын сыйға тартты. Олардың ішінде факсимильдік аппараттар, компьютерлер, сканерлер және басқа да көптеген дүниелер бар. Оларды дарынды балалар пайдаланатын болады. Бұдан басқа, біз Астанада 2010 жылғы шілдеде өтетін 51-ші халықаралық математикалық олимпиадаға әзірленудеміз. Оған 110-нан астам елден қатысады. ТМД-да ол алғаш рет өткізілгелі отыр. Сондықтан да біз бұл техникалық қолдауды ризашылықпен қабылдадық», - деді Т.Битуова. «Болашақта дарынды балалардың «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігі ұжымымен кездесуі ұйымдастырылмақ. Осынау кәсіби ұжымның балаларға айтары көп болар деп ойлаймын, өйткені олардың арасында журналист болғысы келетіндер де бар», - деді сөзінің қорытындысында ол. «ҚазАқпарат ҰК» АҚ ? акциялар топтамасы жүз пайыздық мемлекет қарамағына жататын ашық акционерлік қоғам. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы шілденің 3-індегі № 668 қаулысына сәйкес «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» АҚ «Арна-Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ құрамына енді. Холдинг құрамында сондай-ақ «Қазтелерадио», «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» ҰТК», республикалық «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттері акционерлік қоғамдары, «Жас өркен» және «Қазақ газеттері» ЖШС бар. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ? дарынды балаларды анықтауға және қолдауға бағытталған әлемде теңдесі жоқ білім беру ұйымы. 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған.