Дарынды студенттерге қосымша шәкіртақы тағайындалды

АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып жүрген «Алтын белгі» иегерлеріне қосымша шәкіртақы тағайындалды.

Бүгін университеттің I-курсына қабылданған «Алтын белгі» иегерлерімен кездескен осы жоғары оқу орнының басшысы Бақытжан Әбдірайым дарынды студенттерге қосымша шәкіртақы тағайындау туралы арнайы бұйрыққа қол қойғандығын мәлім етті.

«Мемлекет тарапынан төленіп жатқан стипендияға қоса біз «Алтын белгі» иегері атанған дарынды студент-жастарға 7 мың теңге көлеміндегі қосымша шәкіртақы бөліп отырмыз. Ондай бастама Қазақстанның жоғары оқу орындары ішінде тек Еуразия ұлттық университетінде ғана қолға алынып жатыр. Әрине, осының бәрі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған біздің жастар үшін жасалып отыр», - деді Б.Әбдірайым.

Университет ректоры атап көрсеткендей, қосымша шәкіртақы тек үздік оқитын студенттерге ғана бөлініп отыр. «Сондықтан Сіздердің сынақ кітапшаларыңызда «төрт» деген баға болмауы тиіс. Әйтпесе, қосымша шәкіртақы төленбейтін болады», - дейді Б.Әбдірайым. Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жоғары курстарда оқитын студенттерге де осы іспетті шәкіртақыны тағайындау мәселесі шешілмек. Оған «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржылай қолдау көрсететін болады.

Айта кетейік, биыл Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университететінің I-курсына 610 «Алтын белгі» иегері қабылданды. Бұл -республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.