Daryn.online деректерінің таралуы тексеріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық ThreatMon киберқауіпсіздік платформасы қазақстандық daryn.online білім беру платформасының 4,2 миллион пайдаланушысына қатысты деректер базасы «даркнетте» жарияланған болуы мүмкін екенін хабарлады .

Фото: Анадолы

Платформа таратқан мәліметке сәйкес, астыртын форумдардың бірінде daryn.online платформасына тиесілі болуы ықтимал 4,2 миллион жазбадан тұратын деректер базасы анықталған.

Алдын ала ақпарат бойынша, жарияланған деректер қатарында пайдаланушылардың аты-жөні, парольдері, жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), электрондық пошта мекенжайлары, телефон нөмірлері және өзге де жеке мәліметтері болуы мүмкін. Сондай-ақ базада кәмелетке толмаған пайдаланушылардың деректері де қамтылғаны айтылған.

Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі аталған ақпараттың шынайылығын тексеріп жатыр.

— Қазіргі уақытта министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ашық ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерді зерделеп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қазақстанда дербес деректерді қорғаудың жаңа құқықтық тетіктері енгізілді.