Дастан Сәтпаев клубты ғана емес, елді танытады деп сенеміз – «Қайрат» бапкері
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайрат» футбол клубының өкілдері «Реал Мадридке» қарсы ойын алдында Алматының өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.
БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Рафаэль Уразбахтин 17 жастағы шабуылдаушы Дастан Сәтпаевтың команда үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.
— Біз әдейі Дастанға бағыттап тактика құрмаймыз. Бірақ ол өте маңызды ойыншы, тек біздің команда үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін деуге болады. Кейінгі уақытта бізде мұндай жарқын жас ойыншы болмаған. Сондықтан барлығымыз оның әрі қарай дамып, тек «Қайрат» клубын емес, елді де танытатынына сенеміз. Оны басқалардан бөліп қарастырмаймыз, командалық ойынды жалғастырамыз. Ол әлі талай гол соғатынына үміттенеміз. Ол шабуылшы, гол соғу өте маңызды, бұл — оның жұмысы. Өзі де ұзақ уақыт гол соқпай қалса, қатты уайымдайды. Алдағы ойында бізді қуантатын гол сыйласа дейміз, — деді бапкер.
Еске салайық, ел біріншілігі аясында «Жеңіске» қарсы өткен ойында Дастан Сәтпаев екі гол соғып, командасына жеңіс сыйлады.