Кейінгі жылдары ел футболында өзіндік өрнегін салған жас футболшы өзінің төл командасымен керемет нәтижемен қоштасты. Ол Қазақстан Премьер-лигасы ХVІІ турының алдын ала өткізілген ойынында Петропавлдың «Қызылжар» қақпасына екі голмен көзге түсті.
Енді ол Англия астанасы — Лондон қаласына аттануға дайындалады. Онда Англия Премьер-лигасындағы «Челси» командасы құрамына қосылады. Жас футболшы жақында лондондық клуб тізгінін ұстаған испаниялық маман хави Алонсоға өзінің шеберлігін дәлелдей білуі тиіс.
Сол арқылы команданың негізгі құрамына ілігуіне толық мүмкіндігі бар.
Қазір жанкүйер тарапынан Дастан Сәтпаевтың алдағы жеке өмірі, мансабына қатысты қызығушылық бар. Оның мансабының лондондық кезеңі қалай жалғасады? Оны алдағы уақытта анықтайтын боламыз.
Бұл уақытта алматылық клуб алдағы ойындарда Дастан Сәтпаевты кім алмастырады деген сауалға қатысты жоспар бар. Мәселен, команданы Қазақстан чемпионатында маңызды ойындар күтіп тұр, оған қоса жақын уақытта Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі басталады.
Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин өзінің сөзінде команда үшін Дастан Сәтпаев үлгі болып қала беретінін атап өтті.
— Менің ойымша, біздің академияда ұзақ уақыт бойы ол үлгі болды. Біреу үшін бұл арман, бірақ ол арманның шындық болуы мүмкін екенін көрсетті. Сіз ештеңеден қорықпауыңыз керек, батыл ойнап, өзіңізді көрсетіңіз. Жас жігіттерге келетін болсақ, қазір біз оларға көбірек ойын уақытын береміз, көбірек минут береміз, өйткені Дастан бізден кетеді, орын босайды. Бұл шепте легионер немесе қазақстандық ойыншы болуы маңызды емес, егер ол талапқа сәйкес келсе, жетіп жатыр. Ескеретін жалғыз нәрсе бар. Мен ол жайында жас футболшылармен сөйлескенде айтамын. Олар гол соғып немесе пас берсе де босаңсымауы керек, — деді Рафаэль Уразбахтин.
Сәтпаевтың орнын алмастыруы мүмкін ойыншылар қатарында жақында «Қайратқа» қосылған 30-жастағы испаниялық Марк Гуальды атап өтеміз. Негізінде ол — Дастан секілді орталық шабуылшы. Уразбахтиннің айтуынша, қазір жаңадан келген футболшы командаға бейімделіп, формасын белсенді түрде қалпына келтіруге көңіл бөліп отыр.
— Біз оған әрбір ойында көбірек уақыт беруге көңіл бөліп келеміз. Менің ойымша, екі аптадан кейін ол толық қалпына келеді. Бұл футболшы Чемпиондар лигасының матчтарына дейін талапқа сай келеді деп үміттенемін. Сондай-ақ, ол білікті ойыншы, ол өзін жақсы қырынан таныта алады, өзі ойнаған екі матчта шеберлігі жоғары екенін көсретті. Менің ойымша, алдағы уақытта голдар соға алады. Біз оның командаға келгеніне қуаныштымыз, біздің міндетіміз — оны футболға біртіндеп енгізу. Ол Польшаның «Легиясында» ойнады және сол жерде тәжірибесін арттырды, — деді Рафаэль Уразбахтин.