Дастан Сәтпаевтың «Челси» сапындағы алғашқы голы ең үздік деп танылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың Лондонның «Челси» сапындағы алғашқы голы Ацстралияда өткен Sydney Super Cup маусымалды турнирінің ең үздік голы деп танылды, деп хабарлайды informsports.kz.

Фото: "Челси" ФК баспасөз қызметі

Сәтпаев бұл голды «Уэстерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы матчта соқты. Ол алаңның ортасынан берілген пасты қабылдап, қарсылас қорғаушыларынан озып шығып, дәл соққымен допты қақпаға тоғытты. Бұл гол Сәтпаевтың ғана емес, бас бапкер Хаби Алонсоның да «Челси» сапындағы алғашқы добы болатын.

Турнирдің үздік голдары рейтингінде екінші орынға «Тоттенхэм» шабуылшысы Матис Тельдің «Сидней» қақпасына айып добынан соққан голы жайғасты.

Үшінші орын Айдан Хэммондтың «Челсиге» соққан голына бұйырды. Төртінші орынға «Челси» жартылай қорғаушысы Дариу Эссугудың добы енді. Бұл шабуылдың басталуына Сәтпаев та қатысқан.

Бесінші орында Дилан Циклунаның «Челсиге» соққан голы болса, алтыншы орынға лондондық клубтың вингері Джейми Байно-Гиттенстің дәл соққысы кірген.

Айта кетейік, Дастан Сәтпаев Аустралиядағы турнирде «Челси» сапында екі матчқа қатысты. «Уэстерн Сидней Уондерерске» қарсы кездесуде гол соққаннан кейін ол «Тоттенхэммен» ойында алаңға екінші таймда қосылды.

17 жастағы қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев «Челси» сапындағы жаңа маусым алдындағы алғашқы ресми жолдастық матчтарда-ақ өзіне назар аудартты. Kazinform тілшісі жас таланттың Лондон клубындағы негізгі бәсекелестерін және оның Англия Премьер-лигасындағы дебют жасау мүмкіндігін саралады.