«Челсидің» оқу-жаттығу жиынындағы кезекті жолдастық кездесуі 2026 жылғы 5 тамызда италиялық «Ювентусқа» қарсы өтеді. Ойын Қытайдың Гонконг қаласындағы «Кай Так» стадионында ұйымдастырылады.
Оған дейін «Челси» екі жолдастық матч өткізіп, екеуіне де Дастан Сәтпаев қатысты. Австралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс» клубына қарсы алғашқы ойында қазақстандық шабуылшы алаңға шыққаннан кейін небәрі 6 минут ішінде гол соқты. Бұл Сәтпаевтың «Челси» сапындағы алғашқы ойыны болды. Кездесу лондондықтардың 3:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Ал «Тоттенхэм Хотспурға» қарсы екінші матчта Сәтпаев ойынға қосалқы құрамнан қосылып, 21 минут ойнады. Бұл кездесуде «Челси» 1:2 есебімен жеңілді. Алдымен ол оң қапталдағы шабуылшы позициясында ойнаса, кейін сол жақ флангқа ауысты. Берілген уақыт ішінде Сәтпаев 15 рет допқа тиіп, дәл пастарының көрсеткіші 82 пайызды құрады, бір рет доп тартып алып, қарсыласынан бір фол жасатты. Статистикалық порталдар оның ойынына 6,3 балл қойды.
«Челсидің» бас бапкері Хаби Алонсо Сәтпаевтың ойынына көңілі толатынын айтты. Алайда оның командадағы нақты рөлі туралы соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Себебі қазақстандық футболшы орталық шабуылшы ретінде де, қанатта да ойнай алады. Сондықтан командадағы бәсеке өте жоғары.
2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Дастан Сәтпаевтың шабуыл шебіндегі негізгі бәсекелестері қатарында Николас Джексон, Жоау Педру, Лиам Делап, Марк Гиу, Эмануэль Эмега, Дэнни Уэлбек және Эстеван Виллиан бар.
Маусым алдындағы турда Сәтпаев көбіне бразилиялық Эстеванның орнына шығып жүр. Сондықтан екеуінің бәсекесі тікелей сипат алып отыр. Сонымен қатар Сәтпаевтың әмбебаптығына байланысты оның бәсекелесі ретінде украиналық вингер Михаил Мудрик те аталады.
Дастан Сәтпаев «Челсидің» негізгі құрамынан орын алуға өзінің физикалық дайындығы, жылдамдығы және шабуылдың соңғы бөлігіндегі әмбебап ойынымен таласа алады. Хаби Алонсо оның қапталдан орталыққа қарай ойысып, қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алатынын атап өткен. Бапкер жас ойыншыны қарсылас қақпасына үнемі қауіп төндіретін футболшы деп бағалады.
Николас Джексонмен салыстырғанда Сәтпаев айып алаңындағы тиімділігімен ерекшеленеді. Егер ол шешуші сәттерде салқынқандылық танытып, гол соғу мүмкіндіктерін тұрақты пайдалана алса, Алонсо оны шабуылдың негізгі нүктесі ретінде қарастыруы мүмкін.
Эстеван Виллиан көбіне дриблингке және жеке әрекеттерге сүйенсе, Сәтпаев физикалық күреске бейім, агрессивті әрі тікелей ойнайды. Еуропалық сарапшылар оның үйлесімділігі мен қуатын Джек Грилиштің стилімен салыстырады.
Лиам Делап пен Марк Гиу — классикалық орталық шабуылшылар. Ал Сәтпаевтың басты артықшылығы — әмбебаптығы. Ол алаңның бір нүктесіне байланып қалмайды, шабуылдың барлық бөлігінде қозғалып, доп үшін тереңге түсіп, әрі орталық шабуылшы, әрі екі қапталда ойнай алады.
Сәтпаев жылдамдығы жағынан Мудрикпен шамалас болғанымен, өзінің жасына қарамастан физикалық тұрғыда әлдеқайда мықты. Ол Англия Премьер-лигасындағы қуатты қорғаушылармен күресте допты жақсы қорғай алады және шабуылда түрлі шешім қабылдайды.
Айта кетерлігі, Хаби Алонсо маусым алдындағы ойындарда Сәтпаевты оң жақ инсайд позициясында жиі сынап көріп жүр. Бұл рөлде футболшы оң қанаттан орталыққа қарай ауысып, айып алаңында сандық басымдық жасауға мүмкіндік алады.
«Тоттенхэмге» қарсы ойында Сәтпаев екінші таймда дәл Эстеванның орнына шықты. Егер Педру Нету «Манчестер Ситиге» ауысса, оң жақ жартылай шабуыл аймағында бос кеңістік пайда болуы мүмкін. Бұл позиция Сәтпаевтың стиліне сай келеді: ол тек қапталда тұрып доп күтпейді, қорғаушылар арасындағы бос аймақтарға шабуыл жасап, қауіпті сәттер туғызады.
Осылайша, 2026/27 маусымының басында Дастан Сәтпаев үшін ең қолайлы рөл — Коул Палмер секілді креативті жартылай қорғаушымен бірге оң жақ инсайд позициясында ойнау немесе кубок ойындарында мобильді «тоғызыншы нөмір» рөлін атқару болуы мүмкін.
Оның басты қаруы — әмбебаптығы. «Челсидің» тығыз ойын кестесінде Хаби Алонсо бірнеше позицияда ойнай алатын футболшыларды жоғары бағалайды. Сәтпаев шабуылды матч барысында қапталдан орталыққа немесе керісінше өзгертуге мүмкіндік береді.
Дастан Сәтпаев 18 жасқа тек 2026 жылғы 12 тамызда толады. Осыдан кейін ол толыққанды келісімшартқа қол қояды. Оның тактикалық икемділігі командада қалуына немесе тәжірибе жинау үшін жалға берілуіне әсер ететін басты фактор болуы мүмкін.
Бұған дейін белгілі карикатурашы Хамид Сахари Дастан Сәтпаевты «Челсидің» жаңа жұлдызы әрі Хаби Алонсо үшін маңызды ойыншы болады деп болжаған.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев Лондонның «Челси» клубы сапындағы алғашқы голын соқты.