Дәстүр немесе даңғаза: қоғамда тойшылдықтың маңызы қандай

Коллаж: Kazinform/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM - Кейінгі 10-15 жыл аралықта Қазақстан қоғамында тойшылдық, басқосу болғанда да дүркірете думан өткізу белең алды. Үйлену тойынан бастап, бесік той, тұсаукесер, туған күн, қоныс той – жалғасып кете береді. Әрине, бұл – әркімнің өз еркіндегі дүние, қуанышқа шығындалуды жақсылыққа балайтындар бар. Дегенмен көбі әсірелеуге, елден дарақылануға бағытталғанын айтушылар да кездеседі. Осы тұста Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы той өткізуді әлеуметтік, мәдени және экономикалық тұрғыда бағалауға тырысты.

Көрші елдердің нәтижесіз тәжірибесі

Бұған дейін Қазақстанда да тойларды шектеу, «ысырапшылдыққа жол бермеу» секілді бастамалар мінберлерде арагідік айтылды. Мәселен, 2020 жылғы карантин кезінде Мемлекеттік хатшы болып тұрған Қырымбек Көшербаев тойларды заңмен реттеу жөнінде пікір айтып, жиындарды бір ізге түсіру керегін сөз еткен. Әрине, ол кезеңде мұндай пікірдің айтылуы түсінікті де, пандемия қысып тұрған шақта көпшіліктің жиналуына тыйым салынған болатын.

Бір қызығы, індет уақытында қазақтың тойы саябырсығандай көрініп еді. Мейрамханада жасырынып той жасағандарды айтпағанда, тек ағайын-туысын жинап, шығынсыз шағын той жасағандар көбейді. Қоғам «дүркіретіп той жасау осымен бітеді» деп болжаған. Алайда пандемия бәсеңдей бастаған тұста той үрдісі қайтадан жандана кетті.

Сонымен, билік той-жиындар өткізу тәртібін заңмен реттеуді қолға алды делік. Бірақ жағдай өзгере қоюы мүмкін бе? Бұл тұста басқа елдердің тәжірибесіне үңілеміз. Әсіресе Орталық Азия елдері тойшыл екені жасырын емес. Басқосуларды бұған дейін Қазақстанға іргелес жатқан Қырғызстан да, Өзбекстан да заңмен реттеуге тырысты.

«200 адамнан артық шақырмау, даңғазалыққа салынбай, көп шығынданбау, сағат 23:00-ге дейін жиынды аяқтау» секілді бірнеше талаптар енгізген. Орындамаған жағдайда өтемі – айыппұл. Өзбекстанда оның көлемі қарапайым азаматтар үшін 300 доллар, қызметтегілерге 865 доллар болып бекітілді.

Алайда Өзбекстан билігі одан аса бір нәтиже көрмеді, жағдайы жеткендер айыппұлын төлеп қойып, алаңсыз той өткізді. Кейбірі жасырынды, оның үстіне бақылау да қатты болмағанға ұқсайды. Себебі жыл сайын үлкен жиын өткізгендерге салынған айыппұл мөлшері ауыз толтырып айтуға келмейді. 2021 жылы 15 іс қозғалса, 2022 жылы ережеге бағынбағандар мүлде болмапты-мыс. Ал 2023 жылы – 4, 2024 жылы – 9 сот шешімі шыққан.

Биыл сәуірде Өзбекстан билігі той-жиын өткізуге қатысты талаптарды қайта пысықтап, заңды қатаңдатуға талпыныс жасайтынын мәлімдеді. Дегенмен бастаманы құптамайтындар да жетерлік. Біріншіден, той да ұлт мәдениетінің ерекшеліктерінің бір бөлігі саналады. Екіншіден, қанша жерден мемлекет Конституция арқылы адамдардың қарым-қатынасын реттеуге құзырлы болғанымен, халық көбіне дәстүрлі санадағы «жазылмаған заңдарға» көбірек бет бұрады.

«Бәріне біржақты көзқараспен қарамаған абзал»

Біз ең әуелі бір сауалға жауап іздедік: тойшылдық бірнеше ғасыр бойы келе жатқан ұлттық ерекшелік пе, әлде кейінгі онжылдықтарда қалыптасты ма? Мәдениеттанушы Бердалы Оспанның айтуынша, адамзат әуелден қуанышын бөліскенді қалайды. «Той» сөзінің шығу тегі де бір бөлек әңгіме, яғни, қуанышпен бөлісіп, адамдардың көңілін тойдыру десек болады. Бұндай кезде дастархан жайылады, тойдыру сөзі екінші жағынан асқа қатысты да айтылады.

Фото: Бердалы Оспанның жеке мұрағатынан

– Қазақ тарихы сақ заманынан басталады. Той ерте заманнан бері бар деп айта аламыз. «Айман-Шолпан» жырын оқысаңыздар, қазақтың бір дәмі – қымыздың тойларда өте көп болғанын байқайсыз. Мысалы, «Байлығы Маман байдың жаннан асқан, Терісін бес айғырдың саба қылған» делінеді. Бес айғырдың терісінен қаншама саба шығатынын, қанша көлемде қымыз сыятынын есептей беріңіз. 

Әрі қарай «Терісін бес айғырдың саба қылып, Сабасы атаныпты Түйемойнақ» делінеді. Тағы бір нұсқасында «сабасы атаныпты алтын піспек» дейді. Сол кезеңде қонақтарды қазақтың үш жүзінен де шақыратын болған. Көбірек адамды шақыру, көпшілікпен қауышу – ұлттың табиғатына тән, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ мәдениеттанушы бізге бір ерекше жайды еске салды. 19-ғасырда Қазақстан жеріне жер аударылып келген Польша революционері Адольф Янушкевич «егер экватор бойымен қазақтарды орналастырса, онда жерді тегін айналып өтуге болады» деп жазған. Бірнеше жыл қазақ даласында айдауда жүріп, Абайдың әкесі Құнанбаймен, Орынбай ақынмен таныс болған, қазақтың қолы ашық екенін көрген. Қарапайым күнде елдің қолы ашық, ал қуанышта одан бетер жомарт. «Аста-төк» деген сөздің астары да сол тойға қатысты.

– Қазақ үшін қуаныштың ең үлкені – сәбилі болу. Кейін баланы аяқтандырам, қызды құтты орнына қондырам деп тырысады. Сол сәтке жеткенде қуанышын бөліседі, той береді. Оның маңызын білгісі келетіндер Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқыса жеткілікті.

Демек, тойшылдықтың сынаудың қажеті жоқ. Қай істе де бір келеңсіздіктер болып тұрады. Әсірелеп өткізілген бір тойды көрген жұрт барлық той осындай екен деп ойлайды. Бұл - дұрыс емес. Иә, бұрынғы тойларда шашпалық жоқ секілді көрінеді. Алайда ол заманда асып-тасып той өткізуге халықтың әл-ауқаты жетпеді. 20-ғасырда қазақ жақсы өмір сүрді деп айта алмаймыз, өйткені шашатын дүние де болған жоқ, – деп қосты Бердалы Оспан.

Сарапшы 20-ғасырға дейінгі, сол ғасырдағы, қазіргі тойлардың әртүрлі, бір-біріне ұқсамайтын болғанын жеткізді. Адамдардың барлығы бірдей бай болмайды, әркім шамасы жеткенше думан жасайды. Бірақ адамның жағдайы төмендеу екен деп «той жасама» деп айту – дұрыс пікір емес. Той бір жағынан қуанышын бөлісу ғана емес, қоғам алдында есеп беру. Еңбекпен жеткен қай адамның да қуаныш-думан өткізуге хақы бар екен.

– Қазақта шашу деген салт бар. Түбірі – «шаш». «Қыз Жібек» жырында соғыс бітіп, сүйіншілегенде Жібек ат үстінде шауып келе жатып өзінің барлық әшекейлерін лақтыра беретін тұс бар. Ол – өте қымбат бұйымдар. Бірақ қуаныш бұйымнан да қымбат, ішке сыймайды. Әр ұлттың өз ерекшілігі бар, ал тойшылдық – қазақтың ерекшелігі.

Мәселен, менің санамалап шығуым бойынша, қазақта «а» әрпінен басталатын 82 салт, «т» әрпінен басталатын 116 салт бар екен. Оның бәрі де ұлттың өмірсүйгіш екенінің көрінісі.

Кейінгі 10-15 жылда жұртшылық қымбат мейрамханаларды жалдап, той бере бастаса, оған қуану керек. Демек, халықтың әл-ауқаты жақсарып келе жатыр. 20-ғасырда жақсы той өткізе алмаса, жағдай жетпегендіктен. Жағдайы жеткендерге байлықты көрсетуге тыйым болды. Бірақ өткен ғасырда да үлкен басшылар мейрамханаларда аста-төк той жасағаны белгілі, – деді мәдениеттанушы.

Той – болашаққа сенудің бір көрінісі. Бердалы Оспан оны діни не басқа да сенімдермен байланыстырудың қажеті жоғын жеткізді. Және тойды дарақылық деп айыптау да жөн емес. Той өткізер адам 500 адам жинай ма немесе мың, 10 мың болсын – өзі біледі, себебі бұл оның адамгершілік құқы. Жақсы жағы да, кем жағы да болатыны даусыз. Бірақ теріс жағын көре беруге болмайды.

– Бір мысал айтайық, ертеде құда күткенде жолдарына бірнеше кілем төсейтін болған. Киіз үйге бет алған оларды жиналған жұрт қошеметтеп тұрады. Сол кезде дәл киіз үйге кіреберісте жайылған кілемнің астына ор қазылатын болған. Масаттанып келе жатқан құдалар аяқ асты сол орға құлайды. Ал жиналғандар мәз бола күліп, үстеріне гүл шоқтарын лақтырады. Бірақ оған құдалар ренжімейді, керісінше бәрінің көңіл-күйі көтеріліп, қазіргі тілмен айтқанда ерекше шоу көрсетіледі. Енді осыны дарақылық деп атауға бола ма? Сынау – жамандау емес.

Қымбат мейрамханаларға келсек, оны жалдау – нарықтың, экономиканың заңдылығы. Сұраныс болған жерде ұсыныс болады. Сондықтан бәріне қатып қалған көзқарастармен қарамаған абзал, – дейді маман.

Дегенмен салт та уақыт өте түрленіп отырады екен. Үлкендер жағы мына жерге дейін осылай болады, қалған кезде шектен шығасың деп жөн көрсеткені дұрыс. Бұл дүниелерді тыя алмаймыз. Бердалы Оспан қазір арагідік көрініп қалатын ерсілік немесе артық кетушілікке халық кінәлі емес екенін алға тартады. Салттарға қатысты қаншама зерттеулер, ғалымдардың еңбегі бар. Теледидар арқылы ақ-қарасын айтып отырса артық етпейді.

– Бүгін дарақылық болып көрінген нәрсе, ертең тарих болуы мүмкін. Бұрын қазақтың тойында өнер көрсетушілер ортаға атпен шыққан. Бәйге, көкпар, теңге ілу секілді ойындар өткізіліп жатады. Ежелде түйе шешу ойыны болған. Берідегі Құнанбайлардың кезінде де өткізілді. Қазіргі көзбен қарасақ, ол – нағыз дарақы ойын, бірақ сол уақыттағы адамдардың бәрін сол үшін жабайыға жатқызуға бола ма? Кесімді билік айтуға асықпау керек, мәнін білгіміз келсе тарихқа үңілгеніміз жөн, – деп қорытындылады мәдениеттанушы.

Қазақстандықтар тойға қанша қаражат жұмсайды?

Ендігі кезек – экономикалық жағы. Той өткізілген соң шығынсыз болмайтыны анық. Шығынның ең үлкені ретінде ресторан жалдау ақысын қарастырамыз. Мысалы, қазір мегаполистерден өзге облыс орталықтарындағы мейрамханалар 1 адамға ең арзаны 10-15 мың теңгеден алады. Сәл қымбаттаулары 20-30 мың, қалтасы көтеретіндер үшін 50 мыңнан жоғарылары да жетерлік. Үйлену тойына көбіне орта есеппен 200-300 адам жиналады. Осыдан-ақ жұмсалар қаржыны шамалаңыз.

Дегенмен шығын онымен бітпейді. Құдалардың бір-біріне апарар киіті, алтын бұйымдар, қымбат тондар, қыз жағының түрлі жиһаздан құралатын жасауы бар. Жағдайына қарай 1 млн теңгеден басталып, өсе береді. Той иелері думанға сәнденіп баратыны айтпаса да белгілі. Тек қыздың өзі қас жасату, кірпік жалғау, маникюр мен педикюр, макияж, шаш сәндеу, әрісі той көйлегіне қаржы жұмсайды.

Коллаж: Kazinform / Freepik

Жастар жағы той серуені деп қымбат көліктер жалдап, безендіруге құмар. Ал басқосуды жүргізетін тамада, әнші және бишілер, фотограф, ойынға арналған сыйлықтар – шығынды тағы үстемелейді. Қонақтарға көрсетілетін бірнеше минуттық Love story және бар, маманының шеберлігі мен тәжірибесіне қарай 100 мың теңгеден бастап өсе береді.

Біздің бұл тізбектегеніміз тек мейрамханада өткізілетін біркүндік тойдың шығындары. Әйтпесе, қыз жұртының ұзатуы, жігіт жағы өткізетін беташар, құдалық секілді жөн-жоралғы жетіп артылады.

Осы тұста көкейде бір сұрақ туындайды: «қазақстандықтар бір жыл ішінде той өткізуге қанша қаржы жұмсайды?». Тұтынушылық несиелердің ішінде қанша пайызы той жасау үшін алынғаны жөнінде нақты статистикалар жоқ. Оның нақты есебін анықтау мүмкін де емес болар. Дегенмен кей деректерге сүйеніп болжам жасауға негіз бар.

Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда 123 651 неке қиылған. Елімізде тойсыз өтетін рәсімдер өте сирек, шамамен 100 мың неке қиюшы той өткізді деп есепке алайық. Материалдық жағдайы бары да, жоғы да өткізген әр жиынның шығыны жоғарыда айтқандай орта есеппен 10 млн теңге деп қарастырамыз. Сонда жалпы қорытындысы 1 трлн теңге. Қазақстандықтар тек үйлену тойларын өткізу үшін жылына шамамен триллион ақша жұмсайды деп қорытындылауға болады. Оның үстіне біз бесік той, тұсаукесер немесе «60 жас» секілді туған күн басқосуларын қоспадық.

«Той индустриясы шағын бизнесті қолдап отыр»

Экономист Мағбат Спановтың сөзінше, той мәселесіне қатысты тек сандарға сүйеніп ой қорыту, тұжырым жасау жөн емес. Өйткені біздің қоғам – дәстүрге бай, ұлттық салт-дәстүрлер мен құндылықтар әлі күнге дейін сақталған. Қаласақ та, қаламасақ та, біз осыны ескеруіміз керек.

Фото: Forbes.kz

– Иә, той шығындары елдегі орташа жалақы деңгейіне сәйкес келмейтін шығар. Бірақ тойды қаржыландыру деңгейі де әртүрлі екенін түсінуіміз керек. Адамның әлеуметтік жағдайы, табыс табу мүмкіндігі жоғары болған сайын, тойдың деңгейі де соған сәйкес өседі. Бұл жерде шын мәнінде шексіздікке ұмтылу байқалады.

Ал қаржылық сауатсыздықтың той өткізуге тікелей қатысы жоқ. Қаржылық сауатсыздық деген не? Мысалы, Үкіметтің ауыр әрі қайтарылуы қиын несиелер алуы, халықтың несиесінің кешірілуі не болмаса Үкіметтің өзі шамадан тыс қарызға батуы – қаржылық сауатсыздықтың нәтижесі деп айтылады, – деді сарапшы.

Әйтсе де көбіне жастар немесе ата-аналар төлеуге шамасы жетпейтін несиелер алып, өтеп жүруге мәжбүр болатыны рас. Бір жылдың ішінде қонақтардан келген сыйлық немесе жалақы арқылы өтеп тастаса түсінер едік. Бірақ өмір сүру деңгейі оған мүмкіндік бермейді. Бұған қарамастан адамдар тырысып жатыр. Дегенмен оның оң жағы бар. Белгілі бір дәрежеде бәрі дәстүрге сай әрекет. Той – жақсылыққа жиналу, өзара қарым-қатынас пен жақын ортаны сақтау. Бұл – қазақстандықтар үшін өте маңызды фактор.

– Мен тағы бір маңызды тақырыпты қозғар едім. Соңғы қоңырау болып, мектепті аяқтаған жастар кеш өткізеді. Оқу-ағарту министрлігі осы мәселелермен жиі күресіп жатады. Бірақ адам 11 жылын оқуға арнаған екен, енді сол мектепке, сыныптастарына, ұстаздарына алғыс айтуға, қоштасуға моральдық құқығы бар ғой. Осыдан кейін әркім өз жолымен кетеді, ересек өмір басталады.

Әрине, әр отбасының жағдайы әртүрлі. Бірақ мемлекет тыйым салуды емес, бақылауға алып, бірыңғай форматта өткізуді қолға алуы қажет. Той мәселесі де осыған ұқсайды. Адам өзі есептеп, өзі шешім қабылдайды. Егер ол осы процесті өзі толықтай өткермесе, қаржылық сауаттылыққа қалай үйренеді? Айтып түсіндіру бір бөлек, ал адам өзі бір рет несиемен той өткізіп, кейін соны жауып, қарыздан шыққаннан кейін ғана әлдеқайда ақылды, тәжірибелі болары сөзсіз, – дейді экономист.

Фото: yanevesta.kz

Мағбат Спанов тойларға шектеу қою, тыйым салу немесе әкімшілік әдістермен реттеу – дұрыс бастама емес әрі түсініксіз боларын сөз етті. Мысал ретінде Горбачевтың «құрғақ заңы» кезеңінде тойлардың ресми түрде ішімдіксіз өткенін айтты. Бірақ келген қонақтардан «ашық шай ма, қою шай ма, қандайын ішесіз?» деп сұралатын. Ашық шай дегені – арақ, қою дегені – коньяк еді. Яғни, ел бәрібір амалын тапқан.

– Той – дәстүр. Әркім өз қалтасына қарап шешім қабылдайды. Бірақ заң жүзінде, әкімшілік жолмен тыйым салу – бұл адамның жеке өміріне араласу. Тек осылай талқылай аламыз.

Үйлену тойы индустриясында өте көп адам жұмыс істейді. Бұл тек шоу-бағдарлама емес, бұл саланың құрамына киім тігу, қызмет көрсету де кіреді. Шын мәнінде оның бәрі – шағын бизнес. Мұнда бүкіл тізбек қамтылады, тіпті, агросектор сияқты іргелі салаларға дейін бар.

Үкімет үнемі шағын бизнесті қолдау туралы айтады. Егер мұны әкімшілік жолмен реттеп, адам санына немесе шығынға шектеу қоятын болса, бұл саланың көбі көлеңкелі секторға өтіп кетуі мүмкін. Мысал ретінде тағы өткен ғасырдың 80-жылдарындағы «құрғақ заң» кезеңін айтамыз. Сол кезде аяқ асты көлеңкелі нарық арқылы байыған миллионерлер шықты. Мемлекет бір мәселеге тым қатты араласатын болса, бізде де сондай жағдай қайталануы мүмкін, – деп дәлел келтірді сарапшы.

Жалпы, маман сөзіне сенуге болады. Қазір Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі онсыз да ЖІӨ-нің 20-30%-ын құрап отыр. Шектеулер бұл көрсеткішті бірнеше пайызға үстемелеуі мүмкін.

Спановтың сөзінше, мемлекет тек ағартушылық бағытта жұмыс істеуі қажет, бірақ тікелей араласпағаны жөн. Шығын мөлшерін шектеу, қанша адам шақыру керек деген секілді талаптар қою – дұрыс емес. Мемлекет тек бір жағдайда араласа алады – той біткен соң қаржының заңдылығын тексеру. Бизнеске қатысы жоқ бір шенеунік несие алмай-ақ 200-300 мың долларға шығындалып, үлкен той өткізіп жата ма, міне осы кезде тексеру қажет. Бірақ ол да нормативтік-құқықтық актілермен бекітілуге тиіс екен.

– Заң бұзылмаған жағдайда мемлекеттің жеке өмірге араласуға хақы жоқ. Ал той дегеніміз қазақ үшін тек бір шара емес, бұл – сені тәрбиелеп өсірген үлкендерге деген құрметті көрсету. Сондықтан «вестернизациялаудың» қажеті жоқ.

Қазір тойлар ұлттық дәстүрлерге сай өтеді деп айта алмаймыз, бірақ ұлттық элементтерді сақтауға тырысып жатқаны анық. Ұлттық болмысын, тілін, мәдениетін сақтай алған халық – мықты халық. Сондықтан тойлар көп болса – балалар да көп, халық саны артады, демография жақсарады, еңбекке жарамды халық көбейеді, экономика дамиды. Сол кезде бәріміз жақсы өмір сүретін боламыз, – деп түйіндеді экономист Мағбат Спанов.

«Той ұғымы терең талдауды қажет етеді»

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Темірлан Төлеудің айтуынша, көбіне ысырапшылдық ұғымы дәстүрлі қоғамға тән. Той, қыз алып қашу болсын – әлеуметтік практикаға жатқызамыз.

Фото: Темірлан Төлеудің жеке мұрағатынан

– Заманауи тұтынушы қоғамда бұны рационалды немесе рационалды емес деп қарастырып, жіктесек жөн болатын секілді. Жалпы, той ұғымы терең талдауды қажет етеді. Әр адамда ол ұғым әртүрлі. Тойдың заң негізінде немесе парадигма бойынша өлшемі жоқ. 

Тойды тек қазақ қоғамына қатысты ұғым ретінде қарастыру – қате. Мысалы, біз классика ретінде Торстейн Вебленнің Америкада 1899 жылы шығарған «Думаншыл халық теориясы» еңбегін атаймыз. Ол сол еңбегінде байыған адамдарға әлеуметтік талдау жасаған. Біз тойларды шектей алмаймыз, оның үстіне біздің қолымызда толыққанды статистика жоқ. Қанша той өтті, қанша адам қатысты, шығыны – бәрін нақты есептеу мүмкін емес. Барлығы біздің сырттай және іштей бақылау арқылы субьективті пікірімізге негізделеді, – дейді сарапшы.

Темірлан Лұқманұлының сөзінше, «басқадан асып түсу» деген ниетпен той өткізу адамдардың жеке көзқарасына және материалдық жағдайына байланысты болуы мүмкін. Бұл жерде тағы бір өзекті мәселе бар: қазір елімізде қала халқының үлесі 60 пайыздан асып кетті. Қалада тұратын отбасылар аса үлкен емес, көбіне 1-2 баласы болады. Бұл балаларға той жасап беруді ата-аналар білім беру, денсаулық секілді базалық міндеті ретінде қарастырады.

– Менің ойымша, той арқылы мәртебе жинау ішкі топтардың өз заңдылықтарына орайластырылған. Ата-аналар оны «біреуден кем түспеу үшін» емес, міндеті ретінде санайды. Кей жастар той өткізуді қаламайтын болса, олардың қай категорияда екенін анықтау қажет: қалада туып-өскен жастар ма, әлде ауылда туып, қалаға көшіп келген жастар ма? Сол секілді той жасауды құп көретін ата-аналардың категориясын да нақтылауымыз керек, – деп қосты Қазақстандық қоғамдық даму институтының маманы.

Осы тұста әлеуметтанушы Темірлан Төлеу 2023 жылы Қазақстанның барлық аймағын қамтып, 2400 респондент қатысқан дәстүрлерге қатысты әлеуметтанулық зерттеу жүргізгендерін атап өтті. Сол сауалнамада әрбір 3-ші адам қаржылық жағдайы жетпей тұрса да той жасауды құптайтынын айтқан.

– Осы мәліметке қарасақ, шамасына қарамай той өткізу әлі де халықтың белгілі бір бөлігіне өзекті. Бірақ менің ойымша, бұл әлеуметтік практиканың жаңа бір формасы пайда болуы мүмкін. Кезінде ресторанда той өткізу де жаңа практика болған. Оның алдында мектептегі асханалар мен мәдениет үйлерінде өткізуші еді, – деп түйіндеді сарапшы.

Қорыта айтқанда, тойшылдық жайына қатысты талқы мен талас көп болғанымен, ешкім де біржақты үкім айта алмасына көз жетті. Дәстүр, қоғамдық дағды секілді басымдықтар тұрғанда, қаржы шығындап той өткізуден адамдар әлі бас тарта қоймайды.