Ұлттық дәстүрімізге қайшы әдеттерді қатаң сынап, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл аударатын Зейнеп апамен «Ер елдің иесі, әйел – үйдің киесі» тақырыбында «Жастар ресурстық орталығында» кездесу ұйымдастырылды.
Жиынға мектеп оқушылары, қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, педагогтер мен өзге де сала қызметкерлері қатысты. Әсіресе, кездесуге келген жастардың көптігі қуантты.
Сырласу кешін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашты. Ел анасы жиналған көпшілікпен екі сағаттан аса, емін-еркін сырласып, естеліктері мен ғибратты, өнегелі әңгімелерімен бөлісті. Халықтың рухани әңгімені сағынғанын соғылған шапалақтар білдіріп тұрды. Апаға сұрақ орнына алғыс айтылды. Кеш соңында жақсының көзі, асылдың сынығы Зейнеп апамызға шапан жабылып, гүл шоқтары жауды.
Осы ретте айта кетейік, алдағы уақытта Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бастамасымен қолға алынған «Қайырымды қала құндылықтары» жобасы аясында түрлі саланың танымал өкілдерімен кездесулер сериясы тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.