Дәстүрлі спорт түрлері - бәсекелестікті және мінездің мықтылығын сақтаушы мұра – министр

Фото: Фото: Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Министр Ербол Мырзабосынов Санкт-Петербургте өткен Этноспорт форумына қатысты. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Дәстүрлі спорт түрлерін қайта жаңғырту» атты VII Этноспорт форумына қатысты.

Дәстүрлі түрде өтетін бұл форумға Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ 75 елден делегаттар мен сарапшылар қатысты.

Форум аясында дәстүрлі спорт түрлерінің болашағына арналған тақырыптық сессиялар, сараптамалық пікірталастар және стратегиялық кездесулер өтті. Қатысушылар этноспортты дамытудың қысқа, орта және ұзақ мерзімді стратегияларын, сондай-ақ саладағы тұрақтылық пен институционалдық өсу мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ форумда былтыр Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мысалға алынды. 89 елден келген 3000-ға жуық спортшы қатысқан бұл халықаралық іс-шара ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырған. Нәтижесінде елімізде асық ату, тоғызқұмалақ, жамбы ату, көкпар және басқа да спорт түрлері бойынша үйірмелер мен секциялар саны көбейді.

Өз сөзінде Біләл Ердоған Қазақстанның дәстүрлі спорт түрлерін жүйелі түрде дамытып келе жатқан жетекші елдердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елде ұлттық ойындарға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді, ал мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен бастамалар бүкіл этноспорт қауымдастығы үшін маңызды тәжірибеге айналған. Сонымен қатар, ол Қазақстанның ұлттық спортты жаңғырту мен халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы нақты шаралары өзге мемлекеттер үшін үлгі бола алатынын жеткізді.

Тақырыптық сессияда сөз сөйлеген Ербол Мырзабосынов Қазақстан үшін ұлттық спорттың маңызына ерекше тоқталды.

— Қазақстан үшін ұлттық спорт түрлері тек тарихи мұра ғана емес, өткен мен болашақты, мәдениет пен спортты, дәстүр мен заманауи құндылықтарды байланыстыратын тірі әрі дамушы организм. Ұлттық ойындар арқылы біз жас ұрпақты тәрбиелеп, патриотизмді қалыптастырамыз, әрі әлеммен өзара диалог жүргіземіз. Дәстүрлі спорт түрлері халықтың философиясын, жерге деген құрметін, адал бәсекелестікті және мінездің мықтылығын сақтаушы мұра, — деді министр.

Айта кетелік Ұлттық спорт түрлері қалай қалыптасқаны туралы жазған едік