Дәстүрлі медицина жақын болашақта дербестендірілген медицинаға айналады - Қ.Нұрғазиев

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінгі дәстүрлі медицина жақын болашақта дербестендірілген медицинаға айналады. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Болашақтың дербестендірілген онкологиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында медицина ғылымдарының докторы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиев мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі дәстүрлі медицинадағы тар шеңберлі кәсіптік тәсіл дағдарысқа ұшырауда.

«Бүгінде ғылыми-техникалық прогресс қарыштап дамуда. Соның арқасында жалпы ауру-сырқаулардың пайда болу себептеріне қатысты ұғымдар өзгеріп жатыр. Сондықтан дербестендірілген медицина, дербестендірілген онкология бірінші орынға шығуда. Мұндай медицина болашақта адам баласының өмір жасын ұзартып, өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді. Дербестендірілген медицина дегеніміз бір сөзбен айтқанда, әрбір науқастың өзіндік, айрықша мінездемелеріне, қасиеттеріне бейімдетілген медициналық көмек. Яғни, әрбір науқастың генетикалық, физиологиялық, биохимиялық және басқа да ерекшеліктеріне негізделіп жасалатын емдік шаралар. Басты мақсат - алдын алу мен емдеуді оңтайландыру және дербестендіру, ағзаның өзіндік қасиеттерін, ерекшеліктерін анықтау арқылы жағымсыз жанама әсерлерді болдырмау», - деді Қ.Нұрғазиев

Сонымен қатар Қуаныш Нұрғазиев қазірден бастап ғылыми және медициналық қоғамдастықты, барша жұртшылықты дербестендірілген медицина элементтеріне дайындау керектігін жеткізді.

«Біз дербестендірілген медицина элементтерін Қазақстанның 2016-2020 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасына және ағымдағы барлық қажетті заңнамаларға енгізуіміз керек. Халық денсаулығы кодексіне де тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн. Яғни, дербестендірілген медицинаның ұлттық жүйесін қалыптастыруымыз керек болады. Елімізде қазірдің жаңа медицинаға бетбұрыс жасалып жатыр. Ғылыми жетістіктеріміз бұған дәлел бола алады», - деді Қ.Нұрғазиев.

Оның айтуынша, Қазақстанда дербестендірілген медицинаның алғашқы элементтері енгізіліп те қойылған. Мысалы, молекулярлық-генетикалық пішіндеу, иммундық-гистохимиялық зерттеулер негізінде қолданылып жатқан емдік шаралардың тиімділігі едәуір арта түскен.