Дәстүрлі «Шабыт» халықаралық фестиваліне қатысушыларды тіркеу басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3-8 қазан күндері Астанада XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласының Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасына сілтеме жасап.

Биыл конкурсанттар алты номинацияда сайысқа түседі. Байқау қорытындысы бойынша классикалық музыка, халық музыкасы шығармаларын үздік орындаушы, үздік эстрадалық вокал орындаушысы анықталады, сондай-ақ, дарынды әртістер «Бейнелеу өнері», «Үздік әдеби шығарма» және «Хореография» номинацияларында бақтарын сынайды.

Конкурсанттарды іріктеу үш кезеңмен өтеді. Қатысушылардың репертуары мен әрбір музыкалық аспапқа арналған шығармаларды ұйымдастырушылар алдын ала белгіледі. Әрбір номинация бойынша конкурсты өткізу бағдарламасы мен өткізу орны туралы толық ақпарат www.shabyt.astana.kz сайтында жарияланған. Фестивальға қатысуға 16-35 жас аралығындағы өнер иелері өтінім бере алады. Өтінімдерді қабылдау 20 қазанға дейін жалғасады.

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі  19-шы рет өткізіліп отыр. Аталған шара өнер әлеміндегі маңызды оқиға болып табылады. Бұл - жас дарындарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Осы күнге дейін фестивальға өнердің түрлі жанрлары бойынша 10 мыңнан астам адам қатысқан. Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов, ақын Қалқаман Сарин, балет әртісі Әйгерім Бекетаева, опера әншісі Айгүл Ниязова, «Меломэн» тобы, Аша Матай, Қайрат Баекенов және басқа да танымал тұлғалар әр жылдары фестивальға қатысып, Гран-при иегерлері атанған.

Айта кетейік, фестивальда тек қазақстандықтар ғана емес, шет мемлекеттердің азаматтары бағын сынайды. Бұған дейін «Шабыт» фестивалінде Австрия, Израиль, Италия, Литва, АҚШ, Түркия, Франция, сондай-ақ, Беларусь, Қырғызстан, Польша, Ресей және Өзбекстан өкілдері қатысқан.

Көрермендер үшін кіру - тегін.