Дау-дамайдан кейін Ұлыбритания үкіметінде ауқымды кадрлық өзгерістер болды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрден кейінгі негізгі лауазымдардың бәрін әйелдер иеленіп отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu Ajansi

Премьер-министр Кир Стармердің бастамасымен үкімет құрамында бірқатар ауыс-түйіс басталып кетті.

Бұл өзгерістер вице-премьер Анджела Рейнердің даулы жағдайда қызметінен кетуінен кейін жасалды. Ол жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде заңбұзушылықтарға жол берді деп айыпталған еді.

Рейнердің орнына бұрынғы сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми тағайындалды. Ол енді Әділет министрлігін де қатар басқаратын болды. Ал оның орнына Ішкі істер министрі қызметін атқарған Иветт Купер келді.

Ішкі істер министрлігі Шабана Махмудқа өтті — ол бұған дейін әділет саласына жауапты болған. Тұрғын үй құрылысы портфелі Стив Ридке берілді — ол бұрын қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысқан.

Үкімет құрамынан қауымдар палатасының жетекшісі Люси Пауэлл мен Шотландия істері жөніндегі министр Иэн Мюррей де кетті. Олардың орнына тиісінше Алан Кэмпбелл мен Дуглас Александр тағайындалды.

Джонатан Рейнольдс парламенттегі фракция жетекшісі болып, кабинет құрамына енді. Ал оның бұрынғы орны — бизнес және сауда министрлігі — Питер Кайлға берілді.

Лиз Кендалл ғылым, инновациялар және технологиялар министрі болды. Эмма Рейнольдс экология, азық-түлік және ауылдық аумақтар бойынша министр қызметін атқарады. Пат МакФадден еңбек және зейнетақы мәселелері жөніндегі министр болып тағайындалды.

Ал мына министрлер өз қызметтерін сақтап қалды: Бас қазынашы Рэйчел Ривз, қорғаныс министрі Джон Хили, энергетика министрі Эд Милибэнд, денсаулық сақтау министрі Уэс Стритинг, білім министрі Бриджит Филлипсон, көлік министрі Хейди Александр және мәдениет, медиа және спорт министрі Лиза Нэнди.

Осылайша, Ұлыбритания үкіметіндегі төрт негізгі лауазымның — премьер-министр, канцлер, сыртқы істер министрі және ішкі істер министрі — үшеуін әйелдер басқарып отыр.

Бұл өзгерістерге байланысты Бирмингемдегі партия конференциясында сөз сөйлеген оңшыл бағыттағы «Ұлыбританияны реформалау» партиясының жетекшісі Найджел Фарадж Стармер үкіметін кәсіпқойлықтан ада деп айыптап, Рейнердің отставкасынан кейін Лейбористік партияның ыдырауы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, 2027 жылы мерзімінен бұрын парламент сайлауы өту ықтималдығын жоққа шығармады.

Еске салсақ, бұған дейін Рейнер БАҚ тарапынан көрсетілген қысымның отбасы үшін ауыр тигенін, сондықтан әрі қарай үкімет құрамында жұмысын жалғастырудың мүмкін еместігін мәлімдеген еді.