Тимирязев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында салынуы тиіс болған зәулім ғимарат былтыр қоғамда үлкен дау тудырып, қызу талқыланды. Кейін нысандағы жұмыстар тоқтап қалды. Дегенмен алматылықтар арасында бұл аумақтың алдағы тағдырына қатысты сұрақтар әлі де аз емес. Жобаның бүгінгі жай-күйін анықтау үшін агенттік Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасына сауал жолдады.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жер телімі «BR Construction Qazaqstan» ЖШС (бұрынғы атауы — «Berton Ram» ЖШС) компаниясына тиесілі. Құрылыс компаниясына қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, арнайы нұсқама берілгеннен кейін аталған аумақтағы құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай тоқтатылған. Басқарма өкілдері жұмысты қайта бастау, жобаның өлшемдерін өзгерту немесе нысанға қатысты басқа да шешімдер қабылдау мәселесі құзырлы органдардың қорытындысы негізінде заңда белгіленген тәртіппен ғана шешілетінін атап өтті.
- Қазір бұл аумақта жаңа нысан салуға немесе басқа бір жобаны жүзеге асыруға рұқсат құжаттары берілген жоқ, — делінген басқарма жауабында.
Жер телімінің мақсатты бағыты
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры картасының мәліметінше, бұл жер телімінің мақсатты бағыты — көпфункционалды тұрғын үй кешенін салу және пайдалану. Қазіргі уақытта Алматы қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізіліп жатыр. Осы жұмыстар аясында аталған аумақты одан әрі дамытудың негізгі сәулеттік шешімдері мен талаптары айқындалмақ.
– Жердің мақсатты бағытын өзгерту мәселесі жаңартылған бас жоспар бекітілгеннен кейін қолданыстағы заңнама талаптарына сай қаралып, нақтыланады, - деп атап өтті ведомстводан.
Еске салайық, былтыр RAMS QAZAQSTAN компаниясы 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап BEYOND ALMATY жобасының бас мердігері болудан бас тартқанын хабарлады.