Дауыл: Шығыс Қазақстандағы тасжолда көлік қозғалысы шектелді

Шығыс Қазақстан облысындағы тасжолдардың бірінде дауылға байланысты көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауа райының қолайсыздығына, нақты айтқанда дауылға байланысты облыстық маңызы бар «Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолының учаскесінде көлік қолғалысына шектеу қойылды.

«Аталған тасжолдың 63-145 шақырымында жүк көліктерінің, тіркемелері және жартылай тіркемелері бар тракторлардың қозғалысына тыйым салынды. Жүргізушілерден қауіпсіздік шараларын сақтауды, барынша абай болуды сұраймыз», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, ТЖД қызметкерлері азаматтардан көліктерін қысқы кезеңге дайындауға шақырды. Жолда ауа райының «тұтқыны» болып қалмас үшін дөңгелек резеңкесін қысқыға ауыстырыңыз. Автокөлікте күрек, жылы киім, қосымша жанармай мен телефон қуаттағыш болуы керек. Қиын жағдайға тап болсаңыз бірден «112» нөміріне хабарласыңыз.