Бұл туралы «Ертіс орманы» резерватының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Жоғары өрт қауіптілігінің IV класына байланысты «Ертіс орманы» табиғи резерватының аумағына кіруге шектеу қойылады. Азаматтарға жаяу және көлікпен кіруге болмайды. Қарағай ормандарын өрттен сақтау – әр азаматтың парызы. Сондықтан өңір жұртшылығын табиғатқа ұқыпты қарауға және өрт қауіпсіздігін барынша сақтауға шақырамыз», деп мәлімдеді мекемеден.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Орман инспекторлары өртке куә болған азаматтар оқиға туралы 8 (71836) 32-2-22, 8 (7182)78-77-32 немесе 101 телефон нөмірлеріне хабарлауды ескертеді.
Атап өтерлігі, резерват аумағында хазірет Ғабдұл-Уахит Тіленшіұлының кесенесі орналасқан. Мамандар өрт қаупі күшейген уақытта оған арнайы рұқсат қажет болатынын айтады.
- Жоғары өрт қауіптілігінің IV класы туындаған уақытта кесенеге барушылар әуелі Садықащы орманшылығына барып, арнайы жолдама алуы керек. Ол кесенеден шамамен 5-6 шақырым жерде орналасқан. Біз осылайша резерват аумағына келушілерді бақылай аламыз. Ал келешекте үлкен жолдан Ғабдұл-Уахит Тіленшіұлының кесенесіне бұрылатын жерге өткізу бекетін орнату жоспарда тұр, - дейді «Ертіс орманы» мемлекеттік резерватының табиғи кешен және нысана қорғау бөлімінің басшысы Қобыланды Атығаев.
Еске сала кетейік, биыл «Ертіс орманы» резерватының өртке қарсы дайындығы мәз болмай тұр.
Тек ол емес, облыстағы өзге де орман қорғау мекемелерінде шикіліктер кездесіп жатыр.
«Ертіс орманы» резерватында биыл қарағайдың 14 млн көшеті отырғызылады.