Дауыс беру нәтижелеріне ықпал етуі мүмкін бұзушылықтарды байқамадық — ТМД байқаушылары

АСТАНА. KAZINFORM — Тәуелсіз мемлекеттер достастығы байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенко Қазақстандағы Құрылтай сайлауына халықаралық байқаушылар тарапынан жүргізіліп жатқан мониторинг нәтижелері туралы айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның мәлімдеуінше, ТМД байқаушылар миссиясы халықаралық бақылау саласында мол тәжірибеге ие. Қазақстандағы бүгінгі сайлау миссияның елдегі 20-шы, ал жалпы 135-ші халықаралық байқау миссиясы болып отыр.

— Мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы миссиясының атынан сіздерді құттықтауға қуаныштымын. Бізде халықаралық байқау жүргізу бойынша жеткілікті тәжірибе бар. Бұл — біздің 135-ші миссиямыз және Қазақстан Республикасындағы 20-шы миссиямыз, — деді Игорь Петришенко.

Оның айтуынша, миссия құрамына 190 адам кірген. Байқаушылар Қазақстанның 14 өңірінде, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде ұйымдастырған 79 сайлау учаскесінің ісіне бақылау жүргізіп жатыр.

— Біз өз жұмысымызды 3 тамыздан бастадық. Ұзақ мерзімді байқаушыларымыз дайындық жұмыстары кезінде шамамен 7 өңірде болды. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясымен, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларымен белсенді жұмыс жүргіздік. Сайлауға өз кандидаттарын ұсынып, бюллетеньге енген жеті саяси партияның барлығымен кездестік, — деді миссия басшысы.

Игорь Петришенко сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап байқаушылардың дауыс беру процесінің ұйымдастырылуын бақылағанын атап өтті.

— Бүгін сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап біз және басқа өңірлердегі өкілдеріміз сайлау процесінің қалай ұйымдастырылғанын бақыладық. Әнұранның салтанатты орындалуы, алғашқы сайлаушылардың келуі — барлығы нақты ұйымдастырылған. Учаскелік комиссия төрағасы, хатшысы және мүшелері үйлесімді жұмыс істеп, сайлаушыларға оң әрі өте жылы қарым-қатынас танытты, — деді ол.

Ол Астанада таңертең жаңбырлы ауа райы болғанына қарамастан, сайлау учаскелерінде азаматтардың белсенділігі байқалғанын айтты.

— Астанада белгілі бір уақытта жаңбырлы ауа райы болды, ал басқа өңірлерде ауа райы қолайлы еді. Соған қарамастан, Астанада да сайлаушылардың белсенділігі байқалды. Тіпті жекелеген сайлау учаскелерінде екі-үш ұрпақтың бірге келіп, өз азаматтық борышын орындағанын көрдік, — деді миссия басшысы.

Оның айтуынша, сайлау учаскелерінде қажетті атрибутика мен ақпараттық-анықтамалық материалдардың барлығы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген талаптарға сәйкес орналастырылған.

— Біз бірде-бір сайлау учаскесінде қандай да бір кемшілік, әсіресе дауыс беру нәтижелеріне ықпал етуі мүмкін бұзушылықтарды байқамадық, — деп түйінеді ТМД байқаушылар миссиясының басшысы.

Айта кетейік, белгиялық байқаушы құрылтай сайлауы Орталық Азия үшін маңызды кезең екенін айтқан еді.