Дауыс беріп үлгеруге бір сағат қалды: сайлаушылар белсенділігін бәсеңдетер емес

АСТАНА. KAZINFORM — Алғашқы Құрылтай сайлауының аяқталуына небәрі бір сағат қалды. Соған қарамастан сайлау учаскелеріндегі адам легі әлі де толастар емес. Бірі жұмыстан кейін келсе, енді бірі учаске жабылғанға дейін дауыс беріп үлгеруге асығып жатыр. Сағат 19:00–ге қарай да сайлаушылар легі әлі де жалғасып отыр.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Күні бойы түрлі буын өкілдері белсенділік танытты. Жастар мен орта жастағы азаматтармен қатар аға буын өкілдері де өз таңдауын жасады. Олардың арасында 116 жастағы сайлаушы мен 105 жастағы соғыс ардагері бар.

Дауыс беруге мүгедектігі бар азаматтар, оның ішінде арбамен қозғалатын сайлаушылар да келді.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сайлау учаскелерінен ерекше оқиғалар да әлі де тіркеліп жатыр. Алатау қаласында жас отбасы алдымен дауыс беріп, кейін екінші сәбиін күтіп жүрген ерлі-зайыптылар дәл сол сайлау учаскесінде гендер-пати өткізді.

Ал Шығыс Қазақстанда ШҚТУ ректоры дауыс беруге жүргізушісіз электромобильмен келді.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сайлау Қазақстаннан тыс жерлерде де жалғасып жатыр.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелде 78 сайлау учаскесі ашылған. Осы уақытқа дейін оларда 4378 адам дауыс берген.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ал бірқатар шетелдік сайлау учаскелері жұмысын аяқтап та үлгерді. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Индонезия, Таиланд және Вьетнамдағы сайлау учаскелері бар.

Еске салайық, бұған дейін Бакуде Құрылтай сайлауы кезінде сайлаушылардың белсенділігі байқалып отырғанын жазғанбыз.