Дәулет Тұрлыханов Қазақстан күрес федерациясының атқарып жатқан жұмысы туралы баяндады

Фото: Фото: Kazinform/Мұхтар Халимолла

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы “Qazaqstan” жеңіл атлетика кешенінің баспасөз орталығында Республикалық «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ағымдағы қызметіне қатысты өзекті мәселелерге арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Брифингке Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, федерация бас хатшысы Димаш Сұлтанов, Грек-рим күресі бойынша бас жаттықтырушы Юрий Мельниченко, Еркін күрес бойынша бас жаттықтырушы Мадиар Құрамысов, Әйелдер күресі бойынша бас жаттықтырушы Қайрат Сағадиев және құрамалардың аға жаттықтырушылары қатысты.

Дәулет Тұрлыханов федерациясының атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен баяндап, Қазақстан құрамасы спортшыларының жетістіктері мен дайындығына тоқталды.

Сондай ақ, ұлттық құрамалар бас жаттықтырушылары Париж олимпиадасындағы сәтсіздіктерді қортындылап, алда өтетін 23 жасқа дейінгі және ересектер арасындағы әлем чемпионатына дайындық туралы баяндады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 28-31 қазан күндері Албанияның Тирана қаласында өтетін олимпиадалық емес салмақтардағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы спортшылары анықталды.

Сонымен қатар, Албаниядағы әлем чемпионатына еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 23 жасқа дейінгі Қазақстан командасы толық құрамда қатысады.