Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты қылмыстық істі апелляциялық тексеру басталды

Еліміздің Әскери сотында Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тексеру басталды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

«Бүгін ҚР Әскери сотында бұзақылық ниетпен екі адамның денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірген әскери қызметші Б-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тексеру басталды. Бұған дейін бірінші сатыда әскери қызметші Б-ға 500 АЕК – 1 7125 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынған болатын. Зардап шегушілердің пайдасына 1 млн теңге мөлшерінде моральдық өтемақы өндіріп алынды. Іс сотқа зардап шегушілердің (бас бостандығынан айыруды сұрайды) және прокурордың (ақшалай айыппұлды бас бостандығына айыр жазасына ауыстыруды сұрайды), сотталушының адвокатының (ақтауды сұрайды) апелляциялық шағымдарына байланысты түсті», - делінген Әскери сот таратқан ақпаратта.

Еске сала кетейік, биыл ақпанда Н.Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан еді.

Осы жылдың қазанында Алматы қалалық әскери соты үкімімен Нұрасыл Болат ҚК 107-бабының 2-бөлігі 1 және 5-тармақтарында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған жаза түрінде 1 млн 700 мың теңге айыппұл тағайындалған болатын.