Дәулет Тұрлыханов ұлына қатысты келеңсіздік жайлы: Бұл отбасыма жасалған кезекті ақпараттық шабуыл

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ұлының қыз баланы соққыға жыққаны бейнеленген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі әлеуметтік желілерде менің ұлыма қатысты тараған видео бойынша түсінік беруді жөн көрдім. Өздеріңіз білетіндей, менің әулетім айналасындағы мұндай оқиғалар бірінші рет емес. Осындай оқиғалардың заңдылықпен қайталануы менің көңіліме еріксіз ой салады. Мен өз тарапымнан балаларыма толықтай әкелік, қазақы тәрбие бердім. Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те мұндай қыздар ұлым тұратын үйге келіп, неге ондай оқиғаға бастау болатыны түсініксіз. Және бұл жағдай аяқ астынан камераларға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға пайдалы қиындыларының ақпарат құралдарына тарауы, менің ғана емес, кез келген адамның көңіліне күмән келтіреді», - деп жазды Дәулет Тұрлыханов Facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол бұл жайттар өзінің отбасына жасалған ақпараттық шабуыл деп есептейтіндігін ашық айтады.

«Бұл менің отбасыма соңғы жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлаймын. Видеоны аңғарған адамға менің баламның бұл жанжалдан барынша қашқақтауға әрекет жасағаны анық көрінеді. Сіздерге түсінікті болу үшін видеоның толық нұсқасын жолдап отырмын. Осы болған жағдайды дұрыс түсінулеріңізді сұраймын», - деді Мәжіліс депутаты.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырсынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай Дәулет Тұрлыханов ортаншы ұлына қатысты келеңсіз оқиғаны білмейтіндігін айтқан еді.