Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлына қатысты дау шықты: Депутат не дейді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде жігіт пен қыздың арасындағы жанжалға байланысты видео тарады. Видео авторы бұл оқиға Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлына қатысты екенін айтады. Осы орайда тілшілер оқиғаға қатысты депутаттың пікірін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар өздері шешеді. Бір-бірін жақсы көретін болар», - деді Д. Тұрлыханов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда депутат осы оқиға жайында естімегенін және ұлымен сөйлесетінін айтты.

«Олар ер жеткен балалар. Сондықтан өздерінің мәселесін шешеді деп санаймын. Бұл деректі сіздерден естіп отырмын және мен үшін жағымсыз жаңалық болып тұр», - деді Д. Тұрлыханов.

Бұған дейін журналист Михаил Козачковтың Telegram-каналында жігіт пен қыздың арасындағы жанжалға қатысты видео жарияланған болатын.