Дәурен Абаев: Ақпараттың көптігі адамдарды алдауға мүмкіндік туғызуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда ақпарат ағынының көптігі адамдарды алдауға зор мүмкіндік беруде. Бұл - біздің алдымызда тұрған қатерлердің бірі,- деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Еуразиялық Медиа форумның сессиясында сөйлеген сөзінде. Атап айтарлығы, ол ақпаратты қабылдауға қатысты өзінің орамды ойларымен ашық бөлісті.

«Менің бұл жерде естігенімнің бәрі дұрыс. Алайда, әлем тез өзгеріп, тез түрленуде. Қазір бәрі өзгеруде: адамдардың ойлау қабілеті, әлемді қабылдау және түйсіну деңгейі өзгеруде. Мысалы, біз бір минутта WhatsApp-тан 20 миллион хабарлама аламыз. Бір минутта YouTube арқылы 3 миллион бейнежазба келеді. Сарапшылардың айтуынша, қазір біздің сіңіретін ақпаратымыз бұрын 31 сағатқа сыятын. Соны біз қазір бір сөткеде сіңіріп үлгереміз»,- деген ой-пікірімен бөлісті министр.

Оның айтуынша, екіншіден қазір біз адамдардың зейіні үзінділерге айналып бара жатқанының куәсі болып жүрміз. «Жоғары оқу орындарының оқытушылары, профессорлар осыған шағым айта бастады. Өйткені, студенттердің де зейіні үзінділерге айналып барады. Бір америкалық әзілкештің: «Қазір ақылды смартфондар көбейіп, ақылсыз адамдардың саны артты» деген сөзі бар»,- деді Дәурен Абаев.

Ол бүгінгі күннің үлкен сын-қатерінің бірі - ақпараттың көптігінен адамдарды алдауға зор мүмкіндіктердің тууына ерекше тоқталды. Ағылып келіп жатқан алуан түрлі ақпараттың ағыны адамдарды адастыруға жол ашып беріп отыр. Бұл - әркімді ойландыратын мәселе.

Мәселен, ақпараттың көптігін пайдаланып, алаяқтар мен деструктивті күштер адамдарды алдап-арбауға ұмтылуда. Яғни, алдау-арбауға әккілену белең алып барады. «Алдау-арбау әккіленуге ұласып барады. Ақпараттың ағыны көбейген сайын, оның керектісін таңдау да қиынға соғуда. Мысалы, бүгін ЭКСПО-да бір тұсаукесерге қатыстым. 2017 жылдың соңында Қазақстанның пойыздарына жоғары жылдамдықтағы ғаламторды орнатады. Оның көмегімен пойыздағы жолаушылар фильмдер көріп, әлеуметтік желілерді пайдаланып, ойын-сауық контентін тамашалай алады. Өз басым бұл жаңалыққа қарсы емеспін. Бірақ бір жағымсыз жағы бар. Өйткені, мен бұған дейін Астана мен Алматының арасындағы 1200 шақырым жолды екі кітап оқып бітіруге жұмсайтын едім. Өйткені, басқа айналысатын шаруа болмайтын. Ал, ғаламтордың қолжетімділігінің артуы көргіш адамдардың санатын көбейтеді. Олар ақпараттың белгілі бір ағынын тек қана ойын-сауық контенті арқылы қабылдайтын болады»,- деп түсіндірді өзінің ойын министр.

Ақпарат және коммуникация министрі «жаңа технологиялардың дамығаны жақсы, бірақ жоғарыдағы нәрселерге де назар аудару керектігін» қадап айтты. «Мен, тек қана БАҚ-пен шектелмей, сонымен қатар, коммуникациялар, байланыс, ғаламтор салаларына жауапты министрліктің басшысы ретінде ұлы қиялгерлердің тарихы көрініс бере бастағанына көзім жетіп келеді. Бәлкім, Қазақстандағы адамдар аса ауқымды мәлімет дегенге басын қатыра бермейтін шығар»,- деп сөзін жалғады Д. Абаев.

Ол сондай-ақ фейк-жаңалықтар деген түсінікке қатысты өзінің ұстанымын білдірді. «Біз фейк-жаңалықтар дегенді тым асыра айтып жүрміз. Бір, екі, үш жаңалық ондай жаңалықтарға жатпайды. Алайда, белгілі бір жүйелер осыған назарын төгетін болса, ол - қауіпті. Жүйе, ғаламтордағы сайттардан бастап теледидарға дейін бір ғана нәрсені зарлап айта беретін болса, ол қауіп. Ақпаратпен адамдарды алдап-арбау дегеніміз осы. Біз мұнымен күресуіміз керек»,- деді министр.