«Өткен бейсенбіде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясына қол қойылды. Бұл декларация қырық жыл бұрын қол қойылған тарихи құжат - Алматы декларациясын жаңартты. Демек, 40 жыл бойы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына енетін мемлекеттер Алматы декларациясында жазылған қағидаттар мен міндеттердің негізі бойынша жұмыс жүргізді. Бұл қағидаттар мен міндеттер бәлкім миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды.
Дәурен Абаев өз сөзінде денсаулық сақтау саласында жаңа ғасырда жаңа мәселелер мен тегеуріндер пайда болғандықтан, Астанада осы құжатқа қол қою - осынау жаһандық ұйымның жұмысында жаңа кезең болатынын атап өтті.
«Бұл ретте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің атқарған орасан зор еңбегін ерекше атап өтуге болады», - деді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше барлық 197 мемлекет медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясын бір ауыздан қабылдаған болатын.
Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясы қалай қабылданғанын айтып берген еді.