Дәурен Абаев астананың ауысуы аумақтық тұтастыққа қалай әсер еткенін айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда мемлекеттіліктің бес белгісін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының парасаттылыққа негізделген стратегиясы күрделі кезеңдерді артқа тастап, Қазақстанды дамудың даңғыл жолына бастады. Жасампаздыққа толы жылдардың бұл үрдісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты арқылы бүгін де жалғасып келеді. Осы үш онжылдықтың кезеңінде біз қоғамның кемелденуіне қол жеткіздік және өзіміздің өмірлік кеңістіктеріміз бен белгілерімізді айқындадық. Оның біріншісі – мемлекеттің зайырлылығы. Екіншісі – қазақстандық біртектілік және ғасырлардың түп тамырынан бой алатын дәстүрлердің синтезі мен постиндустриалды қоғамның заманауи құндылықтары. Үшіншісі – экономикалық бақуат пен инвестициялық тартымдылық. Төртіншісі – аумағымыздың тұтастығы», - деген Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары аумақтық тұтастықты сақтауда ел астанасының ауысуы шешу рөл атқарғанын еске салды.

«Аумақтық тұтастық – қоғам дамуының басты шарты. Аумақтық тұтастықты сәтті игерудің айқын көрінісі – астанамыздың ауысуы. Саяси орталықтың георафиялық орталық тұрғысынан таңдалуы қазақстандықтық біртектілікті нығайта түсті. Нұр-Сұлтан қаласы даму нүктесі ғана емес, жаңа өңіраралық байланыстардың қайнаған қазанына айналды деуге болады. Бесіншісі – болашағымыздың ортақтығы», - деді Дәурен Абаев.