Дәурен Абаев: Барлық телеарналар әлеуметтік жарнама көрсетуге міндеттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілісте қаралып жатқан «Жарнама» туралы заң жобасы күшіне енген жағдайда Қазақстандағы барлық телеарналар әлеуметтік жарнамаларды көрсетуге міндеттеледі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Дәурен Абаев айтып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біздің министрлік процестердің автоматтандырылуы тұрғысынан үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Автоматтандыру арқылы қажетсіз қағаздар мен анықтамалардың көзі жойылады. Демек, адам факторының араласуын шектейміз. Автоматпен анықтама беру басқа мемлекеттік органға тапсырылады. Сонымен бірге, балама анықтамаларды алып тастау бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни, адамдар бұрын анықтаманы әкімдіктен де, Халыққа қызмет көрсету орталығынан да алып жүрсе, бұл құжатты ол бұдан былай тек ХҚКО-нан ғана алатын болады», - дейді министр.

Дәурен Абаев өз сөзінде бұдан былай халық әкімдікке бармай-ақ, ХҚКО-дағы оператордан қажетті анықтаманы алатынын атап өтті.

«Ақпараттандыру бойынша айтарым. Қазіргі уақытта Мәжілісте жарнама туралы заң қаралып жатыр. Бұл заң жобасының аздаған «төңкерістік» тұсы бар. Демек, прайм-тайм кезінде біз барлық телеарналарға әлеуметтік тегін жарнама көрсетуге міндеттейміз. Мұндай норма бұрын болмаған», - дейді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік жарнамалар тек мемлекеттік телеарналарда көрсетіледі.

«Демек, әлеуметтік жарнамаларды көрсету жеке телеарналарды да қамтиды. Прайм-тайм кезінде, яғни кешкі сағат 18:00-21:00 уақыты аралығында барлық телеарналарда кем дегенде бір немесе, екі әлеуметтік жарнама көрсетілетін болады. Осылайша, біз тек қана Отанға деген махабатты ғана емес, сыбайлас жемқорлықты қабылдамау мәдениетін насихаттайтын боламыз. Сонымен бірге, әлеуметтік жарнама тек жағымды болуы керек. Онда «Парақорлық тоқтасын» деп айқайлау болмайды, жарнамалар оң үлгілер арқылы жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттауға септігін тигізеді», - дейді Дәурен Абаев.