«ХҚКО қызметкерлерінің жалақысы жоғары емес. Өкінішке орай ол еліміз бойынша орташадан төмен. Біз бұл мәселемен де айналысып жатырмыз. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешіледі», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын БАҚ өкілдеріне таныстыруға арналған шарада.
Оның айтуынша, Қазақстан ХҚКО-лары әлемде мұндай мекемелер арасында жұмыс күні ұзақтығы бойынша көшбасшылық орынға ие.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік корпорация таңертеңгі 9-дан кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Ал Еуропада мұндай мекемелер таңертеңге 9-дан кешкі 5 немесе 6-ға дейін ғана қызмет көрсетеді. Олардың көпшілігі көптеген құжаттарды қабылдамайды да», - деді министр.
Шара барысында «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылай Оспанов бүгінгі күні елімізде мемлекеттік корпорацияның 350 фронт-кеңесі және 630-дан астам бэк-кеңсесі жұмыс істейтіндігін атап өтті. Оларда 22 мыңға жуық қызметкер бар. өткен жылы мемлекеттік корпорация 37 миллионнан астам қызмет, оның 24,5 миллионы электронды форматта көрсетілді.