Дәурен Абаев паралимпиадашылармен «онлайн-кездесу» өткізді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы қаласында Қытай елінің астанасы Бейжіңде өтетін ХІІІ қысқы паралимпиаданың алдында ұлттық паралимпиада құрамасының оқу-жаттығу қорытынды жиыны өтіп жатқан «Алатау» қысқы спорт түрлеріне арналған республикалық жоғары спорттық шеберлік мектебінде болды. Бұл туралы ҚазАқпарат аталмыш ведомоствоның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Министр қатаң антиковид шектеулері жағдайында өтіп жатқан емдеу-жаттығуларға байланысты спортшылармен онлайн-байланыс режимінде сөйлесті.

«Сіздердің спорттық жетістіктеріңіз, жеңіске деген ерік-жігерлеріңіз - спорттың биік шыңы. Сіздер - біздің мақтанышымызсыздар. Бүкіл ел сіздерге жанкүйер болады. Алдағы жарыста сәттілік серік болсын!», - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Ұлттық құрама атынан Василий Коломиец сөз сөйледі.

Еске салайық, Бейжің-2022 XIII Қысқы Паралимпиада 2022 жылдың 4-13 наурызы аралығында өтеді. Дүбірлі додаға 50 елден 700-ден астам спортшы қатысады. Ұлттық паралимпиада құрамасы сапында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко сынды 5 спортшы бар.

Паралимпиадашыларымыз спорттың екі түрінен – пара шаңғы жарысы мен пара биатлон бойынша сынға түседі.

Паралипиаданың ашылу салтанаты 2022 жылдың 4 наурызында Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 22.00-де басталады. Қазақстан Паралимпиада құрамасының ту ұстаушысы - пара шаңғы жарысынан Әлем кубогының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ербол Хамитов.