Дәурен Абаев Түркістандағы Халықаралық туризм университетінің жұмысымен танысты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің мүмкіндіктерімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Бұдан бөлек, ведомство басшысы оқу орнының материалдық-техникалық базасын көріп шықты. Ұжыммен және студенттермен кездесіп, сұхбат құрды.

«Түркістан облысының туризм саласында болашағы зор деп есептеймін. Халықаралық туризм және меймандостық университетіне арнайы келіп, оқу орнының әрі қарай дамуына қандай мүмкіндіктер жасалуы қажет екенін білу негізгі мақсаттың бірі болды. Осы мәселелерді анықтаған соң, Түркістанның туризм саласын да, университетті де қалай дамыту қажеттігін білетін боламыз. Жалпы, оқу орны жақында ашылғандықтан, бірінші және екінші курс студеттерін ғана оқытып жатыр. Бірер жылда жастардың саны артатындықтан, міндетті түрде тағы жаңа корпус пен жатақхана салуымыз керек», - деді министр.

Таяуда Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев 2025 жылға қарай туризм саласында 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатынын айтқан болатын. Бұл білікті кадрларға деген сұранысты арттыратыны анық. Министр Халықаралық туризм және меймандостық университеті мамандарды дайындауда негізі базаға айналуы мүмкін екендігін айтып өтті.

Айта кетейік, Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті 2020 жылы ашылған болатын. Қазіргі таңда оқу процесі алты білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Туризм және қонақжайлылық индустриясын ұйымдастыру, халықаралық және ішкі туризм, Экскурсиялық қызметтер мен жеке турларды ұйымдастыру, Туристік дестинациялар менеджменті, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, дене шынықтыру және спорт бағыты бойынша мамандар дайындауда. Студенттер қатары да жыл сайын артып келеді.