Аталған ұйымдардың ұжымымен кездесу барысында Дәурен Абаев мәдениет ошақтарын құр танысу үшін аралап жүрмегенін айтты.
«Әуелі біз ұйымдардың түйінді мәселелері мен қызметкерлердің сұраныстарын зерттейміз. Мәселелердің барлығы жүйелендіріп, кейіннен оларды кезең-кезеңмен шешу жөніндегі кешенді жоспардың негізіне алынады. Біз барлық маңызды шараларды Мемлекет басшысымен келісіп, содан кейін оларды іске асыруға кірісеміз. Бұл тұрғыда сіздер түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытып, қолдайтындарыңызға күмәнім жоқ. Осының арқасында көрермендеріміз бен оқырмандарымызды, оның ішінде әсіресе жастарды, театрлардың көрермендер залына және кітапханалардың оқу бөлмелеріне қайтаратынымызға сенім артамын», - деп атап өтті министр.